Солтүстікке қоныс аударамын десеңіз, мемлекеттен қолдау бар

Авторы:

20.11.2026

Елімізде солтүстік және шығыс өңірлерінде жұмыс күші тапшылығын азайту, халық санын арттыру және еңбек ресурстарын тиімді бөлу мақсатында ерікті қоныс аудару бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Бағдарлама аясында оңтүстік өңірлердің тұрғындары мен қандастарға өзге облыстарға көшіп, тұрақты жұмысқа орналасуға және баспаналы болуға мүмкіндік қарастырылған. Мемлекет қоныс аударушыларға біржолғы қаржылай көмек, тұрғын үйді жалдау шығындарын субсидиялау және баспана сатып алуға арналған қолдау көрсетеді. Алайда бұл мүмкіндіктерді пайдалану үшін қандай талаптар қойылады? Қай облыстарға көшуге болады? Қоныс аударған азаматтарға қандай көмек беріледі? Осы және өзге де сауалдарға Шымкент қаласы Абай және Тұран аудандары бойынша Мансап орталығының жұмыс іздеушілерді қолдау секторының басшысы Нұртаза Мыңбаев жауап берген еді.

Қоныс аударушыларға бірнеше бағыт бойынша қолдау көрсетіледі

 Шымкент қаласының Еңбек мобильділігі орталығының негізгі міндеттерінің бірі – халықты жұмыспен қамту, әлеуметтік қорғау және мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру. Соның ішінде ерікті қоныс аудару бағдарламасы бойынша да тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, кеңес беріледі. Нұртаза Мыңбаевтың айтуынша, егер Шымкент тұрғындары жұмыс күші тапшы өңірлерге қоныс аударуға ниет білдірсе, Мансап орталығына жүгіне алады.

– Қазіргі таңда ерікті қоныс аудару бағдарламасы аясында жеті өңір бекітілген. Олар – Абай, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстары. Егер азаматтар осы өңірлердің біріне көшуді жоспарласа, біздің орталыққа келіп, толыққанды кеңес ала алады. Ал қандас мәртебесі бар, Қазақстан азаматтығын әлі алмаған, ықтиярхатпен жүрген азаматтарға қосымша үш өңірге қоныс аудару мүмкіндігі қарастырылған. Олар – Ақмола, Атырау және Батыс Қазақстан облыстары. Атырау мен Батыс Қазақстан облыстары бағдарламаға 2026 жылы қосылды. Осылайша, аталған санаттағы азаматтар үшін қоныс аударуға болатын өңірлер саны онға жетіп отыр, – дейді ол.

Бағдарламаға қатысу үшін ең алдымен қоныс аударатын өңірге migration.enbek.kz порталы арқылы өтініш жолданады. Қабылдаушы өңірдің жауапты мамандары өтінішті 15 күн ішінде қарап, азаматты қабылдау немесе бас тарту туралы шешім шығарады. Егер өтініш мақұлданса, азамат өзі қоныс аударатын өңірге барып, сондағы Мансап орталығына жүгінуі қажет. Сол жерде тұрақты тіркеуге тұру және жұмысқа орналасу мәселелері шешіледі.

Бұл тұста мемлекет ерікті қоныс аудару бағдарламасына қатысушыларға бірнеше бағыт бойынша қаржылай қолдау көрсетеді. Атап айтқанда, біржолғы көшуге арналған төлем, тұрғын үйді жалдау шығындарын субсидиялау және тұрғын үй сатып алуға арналған көмек қарастырылған.

– Бірінші көмек – біржолғы қаржылай төлем. Қоныс аударушы азамат көшіп барған соң сол елдімекенге тұрақты тіркеуге тұрады және жұмысқа орналастырылады. Үш ай зейнетақы жарнасы жүрген соң ол төртінші айда алғашқы мемлекеттік көмекке өтініш бере алады. Яғни, заң бойынша жаңа тұрғылықты жерге келгеннен кейін қандастар мен қоныс аударушылар және олардың отбасы мүшелеріне 112-баптың 4-тармағының 1) тармақшасына сәйкес материалдық көмек төленеді. Көшуге арналған субсидиялар біржолғы төлем ретінде 70 АЕК (302 750 теңге) мөлшерінде төленеді, бұл әр отбасы мүшесіне қатысты. Егер азамат көшкен кезде ата-анасын, бауырларын немесе өзге де отбасы мүшелерін бірге тіркесе, олар да отбасы құрамына енгізіледі.

Екінші көмек – тұрғын үй жалдау және коммуналдық қызметтер шығындарын субсидиялау. Қоныс аударған азамат алғашқы айларда баспананы өз қаражатына жалдап тұрады. Алты ай өткен соң, яғни жетінші айда, тұрғын үйді жалдау шығындарын субсидиялауға өтініш бере алады. Бұл үшін алты ай бойы зейнетақы жарналары үздіксіз аударылып тұруы қажет.

Субсидия мөлшері отбасы мүшелерінің санына байланысты есептеледі. Ең төменгі мөлшері – 15 АЕК, ең жоғарғысы – 30 АЕК. Мемлекеттік қолдау 12 айға дейін көрсетіледі. Оның ішінде алғашқы алты айда азаматтың жалдап тұрған баспанасына жұмсаған шығыны өтелсе, келесі алты айдың қаражаты жеке есепшотына аударылып отырады.

Үшінші көмек – тұрғын үй сатып алуға арналған қолдау. Қоныс аударған азамат бір жыл бойы үздіксіз жұмыс істеп, осы кезеңде зейнетақы жарналары тұрақты аударылған жағдайда оған экономикалық ұтқырлық сертификаты беріледі. Бұл – баспана сатып алуға немесе ипотеканың бастапқы жарнасына жұмсалатын қайтарымсыз көмек. Бұл тұрғын үй құнының 50 пайызын құрайды, бірақ оның мөлшері 1625 АЕК-тен (7 028 125 теңгеден) аспауы тиіс.

Егер азамат ауылдық елді мекеннен немесе аудан орталығынан баспана сатып алуды жоспарласа, үйдің құны 1625 АЕК мөлшеріне сәйкес келген жағдайда оны сатып алып, өз атына рәсімдей алады. Ал қала немесе моноқалаға қоныс аударған азаматтарға тұрғын үй сатып алу үшін ипотекалық қолдау көрсетіледі. Мәселен, 14 миллион теңгелік баспана таңдаған жағдайда мемлекет тарапынан 7 миллион теңге, ал құны 10 миллион теңге болатын үйді таңдаса, яғни 5 миллион теңгесі мемлекет тарапынан қарастырылады. Қалған қаражатты азамат банк арқылы ипотекалық тәртіппен төлейді, – дейді маман.

Бес жыл мерзімге әлеуметтік келісімшарт жасалады

Мемлекеттік қолдау тек қаржылай көмектермен шектелмейді. Егер қоныс аударушының белгілі бір мамандығы немесе кәсіби білімі болмаса, қабылдаушы өңірде қысқа мерзімді кәсіптік оқыту курстарына жіберілуі мүмкін.

– Сонымен қатар кейбір өңірлерде мемлекеттік көмектен бөлек, жергілікті кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтары тарапынан да қолдау көрсетіледі. Мәселен, Абай облысының кейбір аудандарында жеке шаруа қожалықтары қоныс аударған отбасыларға мал беріп, шаруашылықпен айналысуына жағдай жасап жатады. Дегенмен мұндай көмек барлық өңірде бірдей қарастырылмаған. Ол жергілікті кәсіпкерлер мен демеушілердің бастамасына байланысты, – дейді ол.

Кейбір тұрғындар қоныс аударуға ниетті болғанымен, қай облысты таңдарын білмей жатады екен. Мұндай жағдайда Мансап орталығы мамандары азаматтың кәсіби біліктілігін, жұмыс тәжірибесін және отбасылық жағдайын ескере отырып, бағыт-бағдар береді.

– Біз азаматтармен жеке әңгімелесу барысында олардың қай өңірге барғысы келетінін, бұрын басқа облыстарда тұрған-тұрмағанын сұраймыз. Кейбірі көшкісі келетінін айтқанымен, нақты қай облысқа баратынын білмейді. Мұндай жағдайда арнайы ұйымдастырылатын жәрмеңкелерге шақырып, сол жерде қоныс аударуға болатын өңірлердің өкілдерімен таныстырамыз, не болмаса сол облыстардағы жауапты мамандармен тікелей байланыстырамыз. Осылайша, азаматтарға өз мүмкіндіктеріне сай өңірді таңдауға көмектесеміз, – дейді сектор басшысы.

Маманның мәліметінше, 2026 жылы бағдарламаға қатысатын жеті өңірдің алтауында квота аяқталған. Қазіргі таңда тек Ұлытау облысының Жаңаарқа және Ұлытау аудандарында ғана бос квота бар. Бұл аудандар әсіресе медициналық білімі бар мамандарды қабылдауға мүдделі. Ал өзге өңірлерге көшуді жоспарлаған отбасыларға 2027 жылға дейін күту қажет болады. Келесі жылға арналған қоныс аудару бағыттары мен квоталар 2026 жылдың желтоқсанында Үкімет тарапынан бекітіледі. Яғни өңірлердің қанша адам қабылдайтыны және қандай мамандарға сұраныс бар екені нақтыланады. Бұл ақпарат ресми сайттар мен әлеуметтік желілерде жарияланады.

Сонымен қатар 2027 жылдан бастап бағдарламаның кейбір талаптарына өзгерістер енгізілуі мүмкін. Бұған дейін мемлекеттік қолдау алғанымен, жұмысқа орналаспайтын немесе қаржылай көмек алғаннан кейін басқа жаққа қайта көшіп кеткен азаматтар болған көрінеді. Осыған байланысты талаптар күшейтіліп, 2026 жылдың 1 шілдесінен бастап зейнетақы жарналарының тұрақты аударылуы міндеттелген екен.

– Ерікті қоныс аудару бағдарламасына тек отбасылар ғана емес, жалғызбасты азаматтар да қатыса алады. Заңнамада тұрмыс құрмаған немесе үйленбеген азаматтардың бағдарламаға қатысуына шектеу жоқ. Алайда жалғыз барған адам бір отбасы болып саналмайды. Сондықтан тұрғын үй сатып алуға байланысты көмек көрсету кезінде оның өтінішін арнайы комиссия қарауы мүмкін, – дейді ол.

Бағдарлама аясында қоныс аударған азаматтармен бес жыл мерзімге әлеуметтік келісімшарт жасалады. Осы келісімшарттың талаптарына сәйкес, бес жыл аяқталмайынша басқа облысқа көшуге рұқсат етілмейді. Ал бір жыл өткеннен кейін сол облыстың ішіндегі басқа ауданға қоныс аударуға мүмкіндік бар.

Мемлекеттен көмек алуды жоспарлаған азаматтар оның талаптарын да білген жөн

Бағдарламаға қатысуды жоспарлаған азаматтарға жаңа өңірдің тұрмыс-тіршілігімен алдын ала танысып алған жөн. Ол үшін migration.enbek.kz порталында қажетті ақпараттар орналастырылған. Портал арқылы өңірлердің халқы, елді мекендері, әлеуметтік инфрақұрылымы, ауруханалары, балабақшалары мен мектептері, сондай-ақ онда тұратын этнос өкілдері және тіркелген жеке кәсіпкерлік субъектілері туралы мәлімет алуға болады. Бұл ақпарат азаматтарға болашақта қайда қоныстанатынын, отбасы мүшелеріне қандай жағдай жасалатынын және қай өңірде жұмыс табу мүмкіндігі жоғары екенін бағалауға көмектеседі.

Айта кету керек, ерікті қоныс аудару бағдарламасына қатысып, мемлекеттен көмек алуды жоспарлаған азаматтар оның талаптарын алдын ала білгені жөн. Себебі берілетін қаржылай қолдаудың өзіндік шарттары мен міндеттері бар. Біріншіден, мемлекеттік көмекті бірнеше рет алуға болмайды. Көшуге берілетін субсидия, тұрғын үйді жалдау ақысын өтеу және экономикалық ұтқырлық сертификаты әр адамға өмірінде бір рет қана беріледі.

Екіншіден, экономикалық ұтқырлық сертификаты арқылы жақын туыстардан баспана сатып алуға рұқсат жоқ. Атап айтқанда, жұбайынан, ата-анасынан, балаларынан, аға-інілерінен, апа-сіңлілерінен және ата-әжелерінен үй сатып алуға болмайды.

Үшіншіден, сертификат арқылы сатып алынған үйді бірден қайта сатуға да болмайды. Өйткені тұрғын үйге меншік құқығы рәсімделген күннен бастап бес жыл ішінде оны сатуға тыйым салынады.

Тағы бір білу керек нәрсе, мемлекеттік көмек алу үшін міндетті түрде ресми жұмысқа орналасу қажет. Себебі көшуге арналған субсидияны алу үшін кемінде үш ай, тұрғын үйді жалдау ақысын өтеу үшін алты ай, ал тұрғын үй сертификатын алу үшін 12 ай бойы зейнетақы жарналары аударылып тұруы керек.

Ерікті қоныс аудару бағдарламасы – тек бір өңірден екінші өңірге көшіп бару мүмкіндігі емес, жаңа жерде жұмыс тауып, тұрақты өмір сүруге және баспаналы болуға бағытталған мемлекеттік қолдау тетігі. Әсіресе кәсіби мамандарға, медициналық қызметкерлерге және жұмыс күші тапшы аудандарға баруға ниетті азаматтарға жаңа мүмкіндіктер ашылады. Дегенмен бағдарламаға қатыспас бұрын оның талаптарын мұқият зерделеп, баратын өңірді дұрыс таңдау маңызды. Себебі мемлекеттік қолдау белгілі бір міндеттемелермен, соның ішінде жұмысқа орналасу, зейнетақы жарналарын тұрақты аудару және бес жылдық әлеуметтік келісімшарт талаптарын орындаумен байланысты. Сондықтан солтүстік пен шығыс өңірлерге қоныс аударуды ойлап жүрген шымкенттіктер мен қандастарға алдымен Мансап орталығына барып, мамандардан кеңес алу ұсынылады. Ал 2027 жылы көшуді жоспарлаған азаматтар алдағы квота мен бағдарлама талаптарының ресми жариялануын күте алады.