«Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күндік белсенді іс-қимыл» республикалық акциясы басталды
Жыл сайын 25 қараша мен 10 желтоқсан аралығында бүкіл әлемде әйелдер мен қыздарға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алуға және оның барлық нысандарын жоюға бағытталған «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күндік белсенді іс-қимыл» халықаралық науқаны өткізіледі.
Аталған науқан 25 қараша – Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жоюдың халықаралық күнінен бастау алып, 10 желтоқсан – Адам құқықтары күнімен аяқталады.
2026 жылы науқан «Әйелдер мен қыздарға қатысты зорлық-зомбылықты бірге тоқтатайық: зорлық-зомбылыққа нөлдік төзімділік және зардап шеккендерді қорғау үшін барлық қажетті жағдайды жасау» ұранымен өтуде.
Осыған орай, Шымкент қаласы Еңбекші ауданы аумағында әйелдер мен қыздарға қатысты құқық бұзушылықтардың алдын алу, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жолын кесу және қоғамда құқықтық мәдениетті қалыптастыру бағытында кешенді профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылуда.
Науқан аясында полиция қызметкерлері тарапынан халық арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, білім беру ұйымдарында кездесулер мен профилактикалық дәрістер өткізу, әлеуметтік осал топтағы азаматтармен жеке профилактикалық жұмыстар жүргізу, сондай-ақ өмірлік қиын жағдайға тап болған әйелдерге құқықтық және әлеуметтік көмек көрсету шаралары қамтылады.
Сонымен қатар, зорлық-зомбылықтан зардап шеккен азаматшалардың құқықтарын қорғау, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қажет болған жағдайда дағдарыс орталықтарына орналастыру және тиісті мамандардың көмегіне жүгінуіне жағдай жасауға ерекше назар аударылады.
Зорлық-зомбылық – отбасының ғана емес, тұтас қоғамның мәселесі. Оған бейжай қарамау, әрбір азаматтың құқықтары мен қауіпсіздігін құрметтеу – ортақ міндет.
Зорлық-зомбылыққа көз жұма қарамайық! Әрбір әйел мен баланың қауіпсіз өмір сүруіне бірге үлес қосайық!