2025 жылдың 8 қыркүйегінде Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты №102 жалпы орта білім беретін мектебінде жаңа 2025-2026 оқу жылына арналған маңызды жиын өтті. Оған мектептегі Өзін-өзі басқару кеңесінің көшбасшылары, «Адал ұрпақ» еріктілер клубының белсенділері мен «Жас ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымының мүшелері қатысты. Басқосу барысында жаңа оқу жылына жоспарлар құрылып, ұйымдардың алдағы жұмыс бағыты, мақсат-міндеттері айқындалды. Сонымен қатар, оқушылар өзара пікір алмасып, қоғамдық белсенділік пен жауапкершілік туралы ой қозғады. Іс-шара мектепішілік өзін-өзі басқаруды дамыту, оқушылардың азаматтық ұстанымын қалыптастыру және ұйымдардың бірлескен жұмысына серпін беру мақсатында ұйымдастырылды.
Биылғы оқу жылында аталған мектепте 455 оқушы білім алуда. Оның ішінде 38 оқушы алғаш рет 1 сынып табалдырығын аттаса, 54 оқушы 11-сынып түлегі атанбақ. Мектеп ұжымы білім беру үдерісін тек теориямен ғана шектемей, практикалық бағытта да жетілдіруде. Интерактивті технологиялар, пәндік зертханалар, жобалық сабақтар арқылы оқушылардың шығармашылық қабілетін, зерттеушілік дағдысын дамытуға басымдық берілуде.
Мұғалімдердің барлығы да жүз пайыз жасанды интеллект құралдарын қолдану бойынша арнайы сертификаттаудан өткен. Бұл – оқу процесін заманауи тәсілдермен ұйымдастыруға және цифрлық сауаттылықты арттыруға жол ашатын маңызды көрсеткіш. Бұл бағыт мұғалімдердің кәсіби дамуына серпін беріп, білім сапасын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.
2025-2026 оқу жылында мектепте білім беру мазмұнына бірнеше жаңашылдық енгізілді:
– Әр дүйсенбі күні сынып сағатының алғашқы 10 минуты жеке қауіпсіздік сабағына арналады. Бұл оқушыларды қауіпсіз мінез-құлыққа үйретіп, өмірлік маңызды дағдыларды меңгеруге бағытталған;
– Әр сейсенбі күні бірінші сабақтың алғашқы 3 минуты дене жаттығуларымен басталады. Бұл бастама оқушылардың физикалық белсенділігін арттырып, сергек әрі тиімді оқу күніне бейімделуіне сеп болады.
Сонымен қатар, мектепте оқушыларды ерте жастан мамандыққа бейімдеу бағытында арнайы іс-шаралар жүйелі түрде өткізіліп келеді. Бастауыш сыныптардан бастап түрлі сала мамандарымен кездесулер, жобалық апталар, шеберлік сабақтары ұйымдастырылып, балаларға болашақ мамандығын саналы түрде таңдауға мүмкіндік беріледі.