Шымкент қаласындағы «Жалын» білім беру мектебінде Тіл мерекесіне орай ерекше мазмұнды кездесу ұйымдастырылды. Іс-шараның басты мақсаты – оқушылардың ой-өрісін кеңейтіп, білім мен мәдениетті насихаттау.
Кездесу барысында «Қасым» кітап баспасының қызметкері Сабденбек Хансұлтан мамандық таңдаудың маңыздылығы туралы баяндама жасап, жас ұрпақты болашаққа саналы түрде қадам жасауға шақырса, Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің тарих мамандығы бойынша ІІ курс магистранты Оразәлі Нұрмұхаммед кітап оқудың тиімділігі мен рухани дамудағы орны жайлы ой бөлісті.
Іс-шара барысында оқушылар да белсенділік танытып, қонақтармен пікір алмасып, өз сұрақтарын қоя алды. Сонымен қатар, «Қасым» кітап баспасының кітап көрмесі мен сатылымы ұйымдастырылып, оқушылар мен ұстаздар жаңа әдебиеттермен танысуға мол мүмкіндік алды.
Аталған кездесудің ұйымдастырушысы – мектептің тарих пәні мұғалімі Кенжебай Байкен. Ол өз сөзінде білім ордасының жетістіктерімен бөлісті.
– «Жалын» мектебі 2019 жылдан бері жұмыс істеп келеді, осы уақыт ішінде айтарлықтай жетістіктерге қол жеткіздік. Биыл түлектеріміздің 70 пайызы мемлекеттік және шетелдік грантқа ие болды. Олардың ішінде Польша, Түркия, Қытай және Ұлыбритания университеттерінде білім алып жатқандары да бар. Атап айтар болсақ, Қазыбек Дәулет Польшадағы UITM (University of Information Technology and Management) университетіне «Game Design & Development» бағыты бойынша оқуға түссе, Анапия Жібек әлемнің беделді университеттерінен бір уақытта шақырту алып, нәтижесінде Ұлыбританиядағы Coventry University оқу орнының студенті атанды.
Әлемнің 47 жоғары оқу орнынан «Қаржы» мамандығы бойынша ресми шақырту алған Өмірбай Бергей де – «Жалын» мектебінің биылғы түлегі. Түрік және қытай тілдерін еркін меңгерген ол SAT емтиханынан 1290 балл, ал IELTS тестінен 6.5 балл жинаған. Шақырту алған университеттердің басым бөлігі АҚШ-та орналасқан, сондай-ақ олардың қатарында Малайзиядағы Xiamen University халықаралық кампусы да бар. Қазіргі таңда Бергей Малайзияда білім алып жатыр.
Қазіргі таңда «Жалын» мектебінде жетпіске жуық педагог жұмыс істейді. Басым бөлігі – педагог-зерттеуші, педагог-сарапшы, педагог модератор санатында ұстаздар. Жас мамандарымыз да бар. Айта кетейік, «Дарынды балаларға – талантты ұстаз» республикалық педагогикалық олимпиадада бес маманымыз жүлделі орынға ие болды. Одан бөлек «Педагогикалық идеялар фестивалі» бойынша да білікті мамандарымыз жарыста жүлделі орынға ие болып жүр, – дейді ол.