Шымкентте қайтарымсыз грантқа өтінім қабылдау 11 тамызда басталады

Авторы:

05.08.2025

Бүгінді таңда тұрғындар арасында жұмыссыздық деңгейін азайтудың бір жолы – жаңа бизнес жобаларды жүзеге асырып, азаматтарды кәсіпкерлікпен айналысуға бағыттау болып отыр. Бұл ретте, қайтарымсыз грант жұмыссыз жүргендерге осындай мүмкіндік береді.   

Шымкент қаласында 2025 жылғы 11 тамыздан  Business.enbek.kz порталы арқылы 2-лек бойынша қайтарымсыз грантқа өтінім қабылдау басталады. Бұл грант өз кәсібін жаңадан бастаған азаматтарға арналған.

2024 жылы қайтарымсыз грант 428 тұрғынға мақұлданған болатын. Бизнес-жобалардың 44-і мал және құс шаруашылығы, 100-і қызмет көрсету салалары, 56 жоба кондитер және нан өнімдері, 84-і тігін, 31 жоба жартылай фабрикаттар, 8-і жиһаз өндірісі, 62 жоба өндіріс саласы және 43-і қоғамдық тамақтану орындары іске қосу жобасын құрады.

Биыл Шымкентте 260 азаматқа 400 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейінгі қайтарымсыз грант беру жоспарланып отыр. Грант мөлшері – 400 айлық есептік көрсеткіш немесе 1 572 800 теңге. Қатысушы бұл қаражатты тек бір рет қана ала алады. Үміткер өтінім беру үшін порталға тіркеліп, талаптарға сәйкестігін растайды. Бизнес-жоспар үлгісін жүктеп, толтырған соң өтінішке ЭЦҚ арқылы қол қояды. Компьютер немесе интернеті жоқ азаматтар аудандық Мансап орталықтарында орналасқан өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштарында өтінім бере алады.

Грант алу үшін келесі санаттағы азаматтар үміткер бола алады:

- жұмыссыз ретінде тіркелгендер;

- тіркеу мерзімі 3 жылдан аспайтын жеке кәсіпкерлер.

Сонымен қатар үміткер келесі әлеуметтік топтардың біріне жатуы тиіс:

 - мүгедектігі бар тұлғалар;

- «қандас» мәртебесі бар азаматтар;

 - көпбалалы немесе аз қамтылған отбасы мүшелері;

- мүгедек бала тәрбиелеп отырған ата-аналар;

- асыраушысынан айырылғандар;

- өңіраралық қоныс аударушылар.

Өтініштер қалалық комиссия арқылы қаралады. Үміткердің соңғы үш жылда «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқығаны жөнінде сертификаты болуы тиіс. Үміткерлер өз жобасын таныстырып, бизнес-жоспардың тиімділігі, нарыққа бейімділігі, қаржылық өміршеңдігі мен жаңа жұмыс орындарын құру мүмкіндігі сынды өлшемдермен бағаланады.

Қабылданған шешім порталдағы жеке кабинетке жіберіледі. Оң шешім шыққан жағдайда шартқа қол қойылып, қаражат аударылады. Грант қаражаты тұтынушылық мақсаттарға, қарызды өтеуге, тұрғын үй немесе жер сатып алуға, сондай-ақ акцизделетін өнім өндіруге жұмсалмайды.

Үміткер тоқсан сайын қаражатты қалай пайдаланғаны туралы есеп беріп отырады. Барлық процесс онлайн форматта өтеді.