Білімде жүйе болса, нәтиже де болады

Авторы:

09.09.2025

Шымкент қаласындағы «Зияткер» мектебінде 2025-2026 жаңа оқу жылына дайындық аясында кураторларға арналған арнайы тренинг ұйымдастырылды. Негізгі мақсат педагог-кураторлардың кәсіби құзыреттілігін арттыру, кураторлық қызметтің ерекшеліктерін талқылау және «Мінсіз куратор» ұғымын түсіндіру болды. Тренинг барысында кураторлар кураторлық қызметтің мазмұны мен ерекшеліктерімен толық танысып, тәжірибе алмасу мақсатында практикалық мысалдармен бөлісті. Сонымен қатар, кураторлық қызметте кездесетін негізгі кедергілер мен оларды шешу жолдарын талқылап, кәсіби біліктілікті арттыруға бағытталған курстар, аттестация және тәжірибе алмасу мүмкіндіктерін қарастырды.

«Зияткер» мектебі – он жылдық тарихы бар білім бренді. Осы он жылдың ішінде мектеп түрлі нәтижелерге қол жеткізіп, оқушылары дарынды балаларға арналған арнайы оқу орындарына түскен.

– Мектебімізде білім беру бірнеше деңгейден тұратын жүйелі құрылыммен ұйымдастырылған. Соның нәтижесінде биыл 6-сынып оқушыларының арасынан 169 түлек НИШ, БИЛ және РФМШ сынды еліміздің үздік зияткерлік мектептеріне грант негізінде оқуға түсті.

Бастауыш сыныптарда біз гуманды педагогикаға ерекше мән береміз. Сабақтар аптасына 35-40 сағат көлемінде өтеді. Басты басымдық – баланың логикалық және интеллектуалдық дамуына, танымдық белсенділігіне бағытталған. Оқушылар бос уақытында когнитивті лингвистика бағытындағы қосымша сабақтарға қатысады. Сонымен қатар, бастауыш деңгейде математика мен ағылшын тілі пәндеріне ерте бейімдеу жұмыстары қарқынды жүргізіледі. Әр сыныппен психолог мамандары тұрақты жұмыс жүргізсе, дефектолог және логопед мамандар арнайы түзету сабақтарын ұйымдастырады. Сыныптағы оқушылар саны 15-18 баладан аспайды, бұл әр балаға жеке көңіл бөлуге мүмкіндік береді.

5-6 сыныптарда оқушыларды НИШ, БИЛ, РФМШ сынды мектептерге мақсатты түрде дайындаймыз. Осыған байланысты олимпиадалық және логикалық бағыттағы сабақтар күшейтіліп, дайындық жүйелі түрде ұйымдастырылады. Әр оқушының қабілеті мен даму бағытына қарай жеке жұмыс жүргізіледі.

7-10 сыныптарда оқыту жаратылыстану бағыты бойынша тереңдетілген және екі тілде – ағылшын және қазақ немесе орыс тілдерінде жүргізіледі. Бұл кезеңде оқушылар халықаралық стандарттарға сай білім алып, SAT және IELTS емтихандарына кәсіби деңгейде дайындалады. Сонымен қатар, ғылыми жобалар мен пәндік олимпиадаларға қатысу арқылы оқушылар өз портфолиосын жинақтап, болашақта жоғары оқу орындарына түсуге нақты қадам жасайды. Бұл бағытта біз кәсіби бағдар беру жұмыстарын жүйелі түрде жүргіземіз. Осындай сатылы, мақсатты және сапалы білім беру жүйесінің арқасында мектебімізден жыл сайын дарынды әрі жан-жақты дамыған оқушылар түлеп ұшып келеді, – дейді аталған мектептің 6 сынып кураторы, қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Әсел Асылбекқызы.