ҰБТ бойынша үздік нәтиже көрсеткен мектеп

Авторы:

10.09.2025

High school – шетелдік білім беру жүйесіндегі орта білімнің соңғы сатысы. Онда оқушылар жоғары оқу орнына дайындалады, әрі бейіндік пәндерге басымдық береді. Дәл осы бағытта жұмыс істейтін Шымкент қаласындағы «Maximum» мектебі өз жұмысын 2023 жылы бастаған. Аталған уақыт аралығында мектеп қабырғасынан 418 түлек түлеп ұшыпты. 10-11 сыныпқа ғана білім беретін бұл мектептің артықшылығы – оқушыларды ҰБТ-ға, IELTS-қа дайындау және шетелдік университеттерге түсуге бағыт-бағдар беру. Бұл бойынша атқарылған үздіксіз еңбектің нәтижесінде 2024-2025 оқу жылында 150 түлектің 92-сі грант ұтып алған. Оның ішінде 84-і Қазақстан бойынша мемлекеттік грант, 8-і жергілікті әкімшілік гранттарын иеленген. Осылайша «Maximum» мектебі 2024-2025 оқу жылы бойынша ҰБТ-ға оқушыларды дайындаудан Шымкент қаласындағы ең нәтижелі мектеп ретінде бірінші орынға шықты.

– Енді биыл мектебімізге шетелден тәжірибелі қазақ азаматын арнайы шақырып отырмыз. Ол – Америка Құрама Штаттарында магистратураны аяқтап, сол елде алты жыл бойы жоғары сынып оқушыларына физика және математика пәндерінен сабақ берген ұстаз. Сонымен қатар, америкалық мектептерде оқушыларды жоғары оқу орындарына дайындау бағытында да жұмыс істеген. Бұл маман мектебімізде өз тәжірибесімен бөлісіп, оқушыларға бағыт-бағдар беріп, мұғалімдерге шетелдік конференцияға шығуға, өздерін халықаралық деңгейде көрсетуге көмектесетін болады. Оның ең басты міндеті – оқушылар мен мұғалімдерге шетелдік деңгейге шығу жолдарын үйрету, – дейді гуманитарлық бағыт бойынша әдістемелік бірлестіктің жетекшісі, ағылшын тілі мұғалімі және IELTS тренері Меруерт Кабулова.

Мектепте оқушыларға мамандық таңдауда дұрыс бағыт-бағдар беру мақсатында аталған білім ордасында түрлі саланың мамандарымен кездесу ұйымдастырылып тұрады. Онда оқушылар көкейлеріндегі сұрақтарға тікелей жауап алу алады. Бұл жоба өткен оқу жылы бастау алып, аз уақыт ішінде нәтижесін көрсете бастады. Осы уақытқа дейін мектеп оқушылары дәрігерлермен, инженерлермен және түрлі саладағы кәсіп иелерімен кездесіп, нақты мамандықтар туралы тереңірек мағлұмат алып үлгеріпті.

Жалпы алғанда «Maximum» мектебінің тәжірибесі еліміздегі білім беру жүйесінде бейіндік оқытудың, кәсіби бағдар берудің және халықаралық тәжірибеге негізделген әдістемелерді енгізудің маңыздылығын көрсетеді. Жоғары сыныптарға ғана бағытталған бұл мектептің қысқа уақыт ішінде жеткен жетістігі білім сапасын арттыруда мақсатты, жүйелі жұмыс атқарып жатқанын тағы бір мәрте дәлелдейді.