«Абайлаңыз, балалар!» апталығы басталды

Авторы:

08.09.2025

Балалардың жолда өзін қауіпсіз ұстауы – аса маңызды мәселе. Жолда жүру ережелерін сақтау – әр баланың өміріне қажет дағды. Балалар бағдаршамның түстерін, жаяу жүргінші жолақтарын, жол белгілерін білуі тиіс. Сондықтан жолда жүру мәдениетін балаға ерте жастан үйрету қажет. Бұл істе ата-аналар мен мұғалімдердің рөлі зор. Үлкендердің өздері де жолда үлгі бола отырып, балаларды қауіпсіздік ережелерін сақтауға дағдыландырға міндетті.

Осы ретте Шымкент қаласы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы №72 жалпы орта білім беретін мектебінде бастауыш сыныптарда жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған «Абайлаңыз, балалар!» атты республикалық апталықтың ашылу салтанаты өтті. Апталықты ұйымдастырғандар – тәрбие бөлімі және 4 сынып жетекшілері Ф. Тазабекова мен Г. Жүніс.

Іс-шара барысында оқушылар бағдаршам, жаяу жүргіншілер жолағы, жол белгілері туралы мағлұмат алып, жолда қалай қауіпсіз жүру керек екенін үйренді. Полиция қызметкері балаларға жолдан өту ережелерін түсінікті тілмен жеткізіп, тәжірибе жүзінде көрсетті. Тәртіп сақшысы келе жатқан автокөліктің алдынан кесе жүгірмеу керек екендігін, жолда үнемі жүргіншілерге арналған жол арқылы жүру керек екендігін түсіндірді. Осылайша оқушылар жолда жүру ережелерімен танысып, қауіпсіздік шаралары туралы білімдерін кеңейтті. Сонымен қатар, сынып жетекшілерінің жетекшілігімен танымдық әңгімелер өткізіліп, тақырыптық бұрыштар ұйымдастырылды. Оқушылар да жол ережелері бойынша сұрақтарға шама-шарқынша жауап беріп, белсенділік танытып жатты.

«Абайлаңыз, балалар!» – бұл республика көлемінде жыл сайын ұйымдастырылатын, жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған шаралар апталығы. Апталық әдетте жаңа оқу жылының басында, яғни қыркүйек айының алғашқы онкүндігінде өткізіледі. Себебі жазғы демалыстан кейін мектепке оралған балалар жол қозғалысына белсенді қатыса бастайды, сондықтан олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету аса маңызды. Апталық аясында жол қозғалысы ережелері бойынша сынып сағаттары, полиция қызметкерлерімен кездесулер, практикалық сабақтар (мысалы, жол белгілерін тану, жүргіншілер жолағынан өту, қауіпсіз маршруттармен танысу т.б.) ұйымдастырылады.

Балалардың қауіпсіздігі – баршамыздың ортақ міндетіміз. Сондықтан мұндай апталықтардың маңызы зор. Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – тек мектептің емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі.