Білім беру жүйесінің іргетасы саналатын балабақша – баланың тұлға болып қалыптасуындағы алғашқы маңызды баспалдақ. Мектепке дейінгі ұйымдарда тәрбие мен оқыту арқылы балалардың танымдық қабілеті, тіл байлығы, әлеуметтік дағдылары мен эмоциялық тұрақтылығы дамиды. Бұл кезеңде алынған білім мен тәрбие болашақтағы оқу жетістігінің, адами қасиеттердің және өмірлік дағдылардың негізін қалайды. Сондықтан балабақшаның рөлі – тек білім беруде ғана емес, жан-жақты дамыған ұрпақ тәрбиелеуде аса маңызды.
Шымкент қаласындағы «ХХІ ғасыр» бөбекжай-бақшасы базасында мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының әдіскерлері мен тәрбиешілеріне арналған «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту мазмұнын жетілдірудің басым бағыттары» тақырыбында семинар-кеңес өткізілді. Семинарға Шымкент қаласындағы балабақшалардан 144 тәрбиеші мен әдіскер қатысты. Іс-шараны қалалық білім басқармасының қолдауымен ұйымдастырылған бұл семинар мектепке дейінгі білім беру жүйесін жаңғырту, заманауи талаптарға сай мазмұнмен толықтыру мақсатында өткізілді. Шараның мақсаты – мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мазмұнын жетілдірудің негізгі бағыттары мен оны жүзеге асыруға арналған нормативтік-құқықтық құжаттармен педагогтерді жан-жақты таныстыру, тәжірибе алмасуға жағдай жасау, әдістемелік қолдау көрсету.
Семинар бағдарламасы бірнеше өзекті бағыттарды қамтыды:
Орталық әдіскерлері қатысушыларға 2025-2026 оқу жылына арналған әдістемелік нұсқау хатты жан-жақты талдап, оның негізгі ерекшеліктері мен енгізілген өзгерістер туралы мәлімет берді;
Үлгілік оқу бағдарламалары аясында балалардың дағдыларын бағалау мониторингі мен жеке даму картасын толтыру тәртібі түсіндірілді. Бұл бағыт тәрбиешілердің әр баланың даму ерекшелігін ескере отырып, жеке траектория құруына мүмкіндік береді;
Сонымен қатар, «INDIGO» ақпараттық жүйесіне қатысты күту парағына тіркелу, құжаттарды рәсімдеу тәртібі бойынша нақты нұсқаулықтар берілді. Бұл жүйенің тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін қатысушыларға практикалық кеңестер ұсынылды.
Іс-шараның соңында «Ашық микрофон» әдісі арқылы кері байланыс жүргізілді. Бұл бөлімде қатысушылар семинардан алған әсерлерімен бөлісіп, өзекті мәселелер мен ұсыныстарын ортаға салды. Сонымен қатар, педагогтер болашақта осындай тәжірибелік бағыттағы семинарлар жиі өткізіліп тұрса деген тілектерін білдірді.
Семинар-кеңес барлық қатысушылар үшін маңызды әрі мазмұнды тәжірибе алаңы болды. Ол мектепке дейінгі ұйым педагогтерінің кәсіби құзыреттілігін арттыруға, білім беру сапасын жетілдіруге бағытталған нақты қадамдардың бірі ретінде бағаланды.