Шымкент қалалық әдістемелік орталығының бастамасымен қолға алынған «Тілдер тоғысқан мереке» онкүндігі аясында Ораз Жандосов атындағы №30 жалпы орта білім беретін мектебінде оқушылар арасында маңызды әрі мазмұнды іс-шара – ғылыми жобалар конференциясы ұйымдастырылды. Конференцияның негізгі мақсаты – оқушылардың үш тілді меңгеру деңгейін арттыру, тілдік құзыреттілігін дамыту және ғылыми-зерттеу қызметіне деген қызығушылығын ояту.
Іс-шараға 8-11 сынып оқушылары белсенді қатысып, қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде түрлі тақырыптар бойынша ғылыми жобаларын қорғады. Зерттеу жұмыстары әлеуметтік, экологиялық, тілдік, тарихи және заманауи ғылыми мәселелерді қамтыды. Әрбір қатысушы өз тақырыбын жан-жақты ашып, зерттеу барысындағы деректермен, дәйектермен бөлісіп, нақты тұжырымдар мен ұсыныстарын ортаға салды. Ғылыми конференция барысында оқушылардың зерттеушілік қабілеті, сын тұрғысынан ойлау дағдысы, пікірін дәлелдеп жеткізе білу қабілеті айқын көрінді. Конференция оқушылардың ғылымға қызығушылығын арттырып, шығармашылық әлеуетін оятып қана қоймай, болашақта өз саласында терең ізденіспен айналысуға бағыт-бағдар беретін тәжірибелік алаңға айналды.
Сонымен қатар, мектепте егеменді елдің Қарулы күштерінің имиджін көтеру, өскелең ұрпақты патриоттық рухқа, отансүйгіштікке тәрбиелеу мақсатында тағы бір маңызды іс-шара өтті. Білім ордасына №50120 әскери бөлімі тәрбие және идеологиялық жұмыс бөлімінің басшысының көмекшісі, запастағы подколковник Нұрбеков Садуақас Қанатұлы, №50120 әскери бөлімінің офицері, кіші сержант Изимов Еркебұлан Омарұлы арнайы келіп, оқушыларға «Біртұтас жер – біртұтас ел» тақырыбында мағыналы бейнеролик көрсете отырып, терең мазмұнды түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Бейнеролик арқылы оқушылар еліміздің тұтастығы, ұлттық қауіпсіздік және азаматтық борыш туралы маңызды ақпараттармен танысты.
Кездесу барысында Садуақас Қанатұлы мен Еркебұлан Омарұлы оқушыларға патриоттық тәрбие, әскери өмірдің қыр-сыры жайында әсерлі әңгімесімен бөлісіп, оқушылардың сұрақтарына жауап берді және әскери қызметтің мәні мен маңызына тоқталды. Мұндай іс-шаралар жас ұрпақтың бойында Отанға деген сүйіспеншілікті арттырып, елжандылық қасиеттерді қалыптастыруда үлкен рөл атқарады. Сондай-ақ, тарихи сана-сезімін оятып, ұлттық құндылықтарды құрметтеуге тәрбиелейді.