Қазіргі таңда білім беру жүйесінде педагогтердің кәсіби әдебі мен этикалық мәдениеті ерекше маңызға ие. Ұстаз – жас ұрпақтың бойына адамгершілік құндылықтарды сіңіретін, қоғамда үлгі боларлық тұлға. Осыған байланысты білім беру мекемелерінде Әдеп кодексінің талаптарын сақтау, педагогтің кәсіби бейнесін қалыптастыру және нығайту басты назарда болуы тиіс. Мұндай талаптар ұжым ішіндегі өзара сыйластықты арттырып қана қоймай, ұстаздың мәртебесін көтеруге, білім беру ұйымының беделін нығайтуға оң әсерін тигізеді.
Шымкент қаласы білім басқармасының «№18 Ш.Уәлиханов атындағы жалпы орта білім беретін мектебі» КММ-де Әдеп кеңесінің төрайымы Ақмарал Жакияеваның жетекшілігімен Әдеп кеңесінің жиналысы өтті. Жиынға мектеп басшылығы, кеңес мүшелері, педагогикалық ұжым өкілдері қатысты.
Жиын барысында білім беру ұйымдарындағы әдеп талаптарының сақталуы мен кәсіби этика мәселелері кеңінен талқыланды. Әсіресе, педагогтердің қызметтік қарым-қатынастағы мәдениеті, ұжым ішіндегі өзара сыйластық пен әріптестік ахуалды қалыптастыру, ұстаз мәртебесін арттыруға бағытталған мәдени-әдептік қағидаттар назарға алынды. Сонымен қатар, педагогтің кәсіби жауапкершілігі мен үлгі боларлық мінез-құлқы жайлы нақты ұсыныстар айтылды.
Кеңес барысында мұғалімнің кәсіби бейнесі – тек сабақ беру шеберлігімен ғана емес, сонымен қатар оның сыртқы келбеті, сөйлеу мәдениеті, өзін-өзі ұстауы, сондай-ақ әлеуметтік желілердегі ұстанымы арқылы қалыптасатыны ерекше атап өтілді. Осыған байланысты, мұғалімдер қауымына іскерлік киім үлгісін сақтау, қоғамда педагогке лайық мінез көрсету, әлеуметтік желілерде ресми ұстанымға сай, тәлімдік сипаттағы мазмұндарды жариялау қажеттілігі баса айтылды.
Сондай-ақ, ата-анамен және оқушымен қарым-қатынаста әдеп нормаларын сақтау, сенім мен сыйластыққа негізделген байланыс орнатудың маңыздылығы сөз болды. Ұстаз қоғамның айнасы, жас ұрпаққа бағыт-бағдар беретін тұлға ретінде әрдайым жоғары мәдениеттілік пен жауапкершілікті көрсетіп отыруы тиіс.
Әдеп – тек жеке тұлғаның ішкі қасиеті ғана емес, ұжым ішіндегі бірлікті, өзара құрмет пен сенімді, педагог беделі мен білім беру мекемесінің қоғамдық орнын айқындайтын басты құндылық. Осы орайда, Әдеп кеңесі мұғалімдердің кәсіби этика нормаларын сақтап, бірегей ұстаздар қауымының оң имиджін қалыптастыруда белсенділік танытуы қажет екендігін атап өтті.