Жаңа Жолдау – жаңа міндеттер: мұғалімдер білім беру басымдықтарын талқылады

Авторы:

14.09.2025

2025 жылғы 8 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауын жариялағаны белгілі. Бұл құжатта елдің одан әрі дамуын қамтамасыз ететін бірқатар стратегиялық бағыттар айқындалған болатын. Атап айтқанда, жасанды интеллектті дамыту, цифрландыру, инфрақұрылымды жетілдіру, әлеуметтік саясатты күшейту, саяси институттарды реформалау мәселелері көтерілген еді.

Президент Жолдауында атап көрсетілгендей, цифрлық технологиялар мен инновациялық шешімдер ел дамуының жаңа сапалық деңгейіне шығуына негіз болмақ. Бұл – тек экономика немесе өндіріс саласы үшін ғана емес, білім беру жүйесі үшін де аса маңызды бағыт.

Осыған орай, Жолдауда айтылған өзекті мәселелер мен бастамалар білім саласына тікелей ықпал ететіндіктен, Шымкент қаласындағы №54 жалпы орта білім беретін мектеп ұжымының қатысуымен арнайы талқылау өткізілді. Жиын барысында педагогтер Президент Жолдауында көрсетілген жасанды интелеллектті дамыту бағытын қолдай отырып, білім беру жүйесін жаңғыртудың нақты жолдарын қарастырды.

Талқылау барысында келесі мәселелерге баса назар аударылды:

·         Цифрлық білім беруді дамыту – оқу процесіне интерактивті платформаларды енгізу, білім беру контентін заманауи форматтарға бейімдеу;

·         Жаңа технологияларды оқу үдерісіне енгізу – жасанды интеллект элементтері, виртуалды зертханалар, AR/VR технологияларын қолдану мүмкіндіктері;

·         Педагогтердің біліктілігін арттыру – мұғалімдерді цифрлық сауаттылыққа үйрету, үздіксіз кәсіби даму курстарын ұйымдастыру;

·         Оқу инфрақұрылымын жаңарту – мектептегі техникалық жабдықтарды жаңғырту, интернеттің қолжетімділігін қамтамасыз ету.

Мектеп ұжымы Жолдауда белгіленген міндеттерді жүзеге асыруға белсене қатысып, заманауи білім беру ортасын қалыптастыру жолында бірлесіп жұмыс істеу қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, білім беру сапасын арттыру үшін әр педагогтің цифрлық мәдениеті мен заманауи технологияларды тиімді пайдалану дағдылары шешуші рөл атқаратыны айтылды.

Президент Жолдауы – еліміздің болашағын айқындайтын маңызды стратегиялық құжат. Онда көрсетілген басымдықтарды жүзеге асыру – әрбір азаматтың, соның ішінде білім беру саласы қызметкерлерінің де ортақ міндеті. Осы бағытта мұғалімдер қауымы жаңа бастамаларды қолдап, сапалы білім мен тәрбие беруде аянбай еңбек етуге дайын екендіктерін білдірді.