Адал азамат тәрбиелеу: жауапты ата-ана, қолдаушы ұстаз және қауіпсіз мектеп

Авторы:

11.09.2025

2025 жылдың 11 қыркүйегі күні Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты №79 жалпы орта білім беретін мектепте ата-аналар комитетінің жиналысы өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты ата-аналар мен мектеп арасындағы өзара ынтымақтастықты арттыру, оқу-тәрбие процесінің сапасын жетілдіру, балалардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында бірлескен әрекеттерді талқылау болды.

Жиынға мектеп директоры Күлбекова Жанна Аралбайқызы, мектеп әкімшілігі, сынып жетекшілер, ата-аналар комитетінің мүшелері және ЖПҚ ЮПБ полиция майоры Б.М. Танкишов қатысты.

Жиналыс барысында 2024-2025 оқу жылының қорытындылары шығарылып, жаңа 2025-2026 оқу жылындағы оқу-тәрбие жұмысының басым бағыттары мен ерекшеліктері таныстырылды. Сонымен қатар, «Қазақстан Республикасының Білім туралы» Заңы мен «Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңы негізінде ата-аналарға құқықтық түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Әсіресе, білім беру мекемесінде кез келген материалдық сыйлықтар мен ақша жинауға жол берілмейтіні, ата-аналардың осы талаптарды қатаң сақтау қажеттігі ерекше атап өтілді.

Ата-аналар комиететінің бұл жиналысында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері де кеңінен қозғалды. Оның ішінде кибербуллингтің алдын алу, интернеттегі қауіп-қатерлерден сақтандыру, су және өрт қауіпсіздігі, жол қозғалысы ережелері, қала сыртындағы демалыс орындарында сақтық шараларын сақтау секілді маңызды тақырыптар бойынша профилактикалық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар мектептің ішкі тәртіп ережелері, оқушылардың сабаққа қатысу тәртібі мен тәртіп бұзушылықтардың алдын алу жолдарына да назар аударылды.

Жиында ата-аналар мен мектеп ұжымы арасындағы байланыс тетіктерін жетілдіру мәселесі де қарастырылды. Ата-аналар комитетінің төрағасы мен мүшелері қайта сайланып, алдағы оқу жылына арналған жұмыс жоспары белгіленді. Сабаққа себепсіз кешігу немесе қалу, мектеп формасын сақтау, оқулықтардың толық болуы, бала тәрбиесіндегі ата-ананың рөлі сынды өзекті мәселелер бойынша пікір алмасу болды.

Жалпы жиналыс нәтижесінде ата-аналар мен мектеп арасындағы серіктестік байланысын нығайту, ашықтықты арттыру және қауіпсіз, тәрбиелі орта қалыптастыру бағытындағы нақты міндеттер айқындалды. Ата-аналар қауымы мектеп тарапынан жүргізіліп жатқан жұмыстарға қолдау білдіріп, алдағы уақытта да тәрбие мен оқыту сапасын бірлесіп арттыруға дайын екендіктерін жеткізді.