Ақша қаражатын тиімді басқару, отбасылық бюджет жүргізу, қаржы алаяқтарынан қорғану және инвестиция негіздерін түсіну – тұрақты әрі саналы қоғам қалыптастырудың басты алғышарттарының бірі. Осы ретте Қазақстанда қаржылық сауаттылықты ерте жастан қалыптастыруға, оны білім беру жүйесіне енгізуге баса назар аударылып келеді. Осы мақсатта қолға алынған маңызды бастамалардың бірі – «Қаржылық сауаттылық негіздері» жобасы.
Жуырда Шымкент қаласында аталған жобаның алғашқы тыңдаушыларына сертификат табысталды. Ұлттық Банкпен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан бұл ауқымды жоба еліміздің мектептері мен колледждерінде қаржылық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған. Жоба аясында 10 000 мұғалім тегін оқудан өтіп, алған білімін әріптестері мен оқушыларына жеткізетін болады.
«Қаржылық сауаттылық негіздері» курсы Шымкент қаласында 8-12 қыркүйек аралығында өтті. Қаладағы 25 педагог курсты ойдағыдай тәмамдап, тестті жоғары деңгейде тапсырып, сертификатқа ие болды. Оқыту процесіне «Өрлеу» Шымкент қаласы бойынша Кәсіби даму институтының тренерлері тартылып, педагогтерге теориялық және практикалық білім берді.
Жобаны Қазақстан Ұлттық Банкі ұсынды және толықтай қаржыландырып отыр. Курстың басты ерекшелігі – оқу процесіне Ұлттық Банк қызметкерлерінің тікелей қатысуы. Бес күндік жоба аясында мұғалімдер қаржы құралдары, отбасылық бюджет, инвестиция негіздері, қаржы пирамидалары мен алаяқтықты тану жолдары тақырыптарын меңгерді.
Курс барысында оқушылар мен мұғалімдерге арналған мультимедиалық платформа жасалады. Онда бейнематериалдар, анимациялар, тренажерлар мен лонгридтер орналастырылған. Бұл ресурстар сабақта да, сыныптан тыс шараларда да қолданыс табатын болады.
Қаржылық сауаттылықты білім беру жүйесіне енгізу – экономикалық тұрақтылықты нығаютуға бағытталған маңызды қадам. Бұл бастама қоғамның қаржылық мәдениетін артырып, қаржы пирамидалары мен интернет алаяқтықтан қорғануды күшейтеді. Сондықтан Қазақстанда бұл бағытқа ерекше көңіл бөлінуде. ҚР Президенті Қ.Тоқаев былтырғы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында: «Халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру бойынша ағартушылық жұмыстарды жандандыру қажет. Бұл – азаматтардың өмір сапасын жақсартудың және жеке қаржыға жауапкершілікпен қараудың маңызды тетігі», – деп атап өткен болатын. Бүгінде Президент тапсырмасына сәйкес еліміздің білім беру жүйесінде де қаржылық сауаттылықты арттыру жұмыстары қарқын алып, педагогтер мен оқушылардың қаржы мәдениетін қалыптастыру маңызды міндет ретінде қарастырылуда.