Шымкенттік оқушы үздік нәтиже көрсетті

Авторы:

09.09.2025

Республикалық «Жас ғалым» журналы ай сайын ұйымдастырып отырған «Жас ғалым» ғылыми жоба жарысында Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты №129 жалпы орта білім беретін мектептің оқушылары да қатысқан болатын. Нәтижесінде аталған білім ордасының 7 «А» сынып оқушысы Бегайдар Үкілім Азаматқызы ғылыми жобасын сәтті қорғап, І дәрежелі дипломмен марапатталды.

Оқушыны жарысқа тарих пәнінің мұғалімі Айтбаева Жанар Абдихадировна дайындаған. Ұстаздың кәсіби еңбегі үшін оған мектеп директоры Н.М.Сеитов тарапынан алғыс хат табысталды.

Жарысқа Қазақстанның түкпір-түкпірінен оқушылар қатысып, түрлі бағыттар бойынша ғылыми жобалар ұсынылды. Бұл байқау дарынды оқушылардың ғылыми-зерттеу дағдыларын дамытуға және шығармашылық әлеуетін қолдауға бағытталды.

Сонымен қатар, биылғы жылдың шілде айында Алматы қаласындағы «Тау Самалы» лагерінде Болат Өтемұратов қорының «Jas Leader Academiasy» жобасы бойынша бір жылдық қорытынды форумы өткен болатын. Аталған форум жас көшбасшылардың әлеуетін арттырып, оларды қоғамдық белсенділікке баулуды мақсат еткен маңызды іс-шаралардың бірі саналды. Форумға Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты 36 білім беру ұйымынан 62 оқушы мен 8 мұғалім-тренер қатысқан еді.

Шымкент қаласының атынан форумға қатысқан командалардың қатарында №129 жалпы орта білім беретін мектептің жас көшбасшылары да болды. Нәтижесінде ерекше белсенділігімен көзге түскен оқушылар форум қатысушысы ретінде құнды сыйлықтармен және сертификаттармен марапатталды.

Сондай-ақ, жобаның табысты жүзеге асуына үлес қосқан ұстаздар мен мектеп басшылығы да назардан тыс қалған жоқ. Көшбасшы оқушылардың белсенділігін қолдап, форумға қатысуға мүмкіндік жасағаны үшін №129 жалпы орта білім беретін мектептің директоры Н.М. Сеитов, жоба тренерлері Ж.А.Айтбаева және Б.Т.Ілясова Болат Өтемұратов қорының алғыс хаттарымен марапатталды.

Айта кетейік, «Jas Leader Academiasy» жобасы елімізде 2021-2022 оқу жылынан бастап іске қосылған. Биыл бұл бастама төртінші жыл қатарынан табысты жүзеге асып келеді. Жоба аясында оқушылар тек теориялық біліммен ғана емес, практикалық дағдылармен де қаруланып, өз орталарында көшбасшылық танытып келеді. Жас буынды елжандылыққа, белсенділікке және көшбасшылыққа баулитын осындай жобалардың білім беру жүйесінде маңызы зор. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын  болады.