Шымкент қаласында 2025 жылғы 1 тамыздан бастап Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 25 қаңтардағы №64 және 2025 жылғы 8 мамырдағы №320 қаулыларына сәйкес «Мектепке жол» республикалық акциясы басталады. Акцияның мақсаты – аз қамтылған, көп балалы, тұрмысы төмен отбасылардан шыққан, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға әлеуметтік көмек көрсету, сондай-ақ балалардың мектепке бармауына жол бермеу.
«Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы аясында мемлекеттік мектептерде білім алатын 57 мыңға жуық оқушыға, сондай-ақ биылғы жылдан бастап жекеменшік мектеп оқушыларына да жаңа оқу жылына дайындық мақсатында көмек көрсету жоспарланған.
Көмек келесі санаттағы отбасылардан шыққан балаларға көрсетіледі:
• атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылар;
• жан басына шаққан табысы күнкөріс деңгейінен төмен отбасылар;
• жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
• төтенше жағдайлардан зардап шеккен немесе шұғыл жәрдемді қажет ететін отбасылардың балалары;
• мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған немесе қиын жағдайға тап болған отбасылар.
Оқу қорынан қарастырылған материалдық көмек мөлшері – 46 500 теңге. Аталған қаражат тікелей оқушының мектеп формасы мен аяқ киіміне, оқу құралдарына (дәптер, қалам, сөмке т.б.) және спорттық киімдеріне жұмсалуы тиіс. Ата-аналар немесе заңды өкілдер мектепке тиісті құжаттарды тапсыру арқылы көмекке өтініш бере алады.
Бұған дейін «Мектепке жол» акциясы аясындағы көмек тек мемлекеттік мектеп оқушыларына көрсетілетін еді. Биылдан бастап бұл қолдау жекеменшік мектептерде білім алатын оқушыларды да қамтып отыр.
– «Мектепке жол» акциясы 1 тамыз бен 1 қазан аралығында жүзеге асады. Ол бойынша 2 миллиард 623 миллион қаржы қаралып, оқушы саны да анықталып қойған. Бұл оқу жылында 56432 оқушыға көмек беріледі. Биыл 2025 жылдың 8 мамырында №64 қаулыға өзгеріс енгізіліп, соған сәйкес жекеменшік мектептегі ата-аналар да қамтылды, – дейді Шымкент қалалық білім басқармасының бөлім басшысы А.Тұрсынова.
Қаржылай қолдау бюджет қаражатының есебінен ғана емес, демеушілердің көмегімен де жүзеге асады. Жалпы алғанда, бұл акция – балалардың мектепке толық дайындықпен баруын қамтамасыз етумен қатар, олардың сапалы білім алуға деген қолжетімділігін арттыруға бағытталған маңызды әлеуметтік қолдау тетігі болып табылады.