Балалардың құқықтарын қорғау, қауіпсіз ортаны қалыптастыру және зорлық-зомбылықтың алдын алу – қазіргі білім беру жүйесінің басты бағыттарының бірі. Осыған орай, Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты №68 жалпы орта білім беретін мектебінде оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған алдын алу шаралары тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді.
2025 жылғы 10 қыркүйек күні аталған мектептің педагог-психологы Р.Е.Ашықбаева «Балалардың қауіпсіздігі және зорлық-зомбылықтың алдын алу» тақырыбында сынып жетекшілеріне арналған түсіндірме жұмысын жүргізді. Іс-шараның негізгі мақсаты – жасөспірімдер арасында жиі кездесетін буллинг түрлерін, оның пайда болу себептерін анықтау және алдын алу жолдарын түсіндіру. Сонымен қатар, мұғалімдердің назарын балалардың психологиялық қауіпсіздігіне, эмоционалдық қолдауға және мектеп ішіндегі жағымды ахуалды қалыптастыруға аудару болды.
Түсіндірме жұмысы барысында мектеп психологы слайдтық материалдар мен бейнебаяндарды пайдаланып, буллингтің белгілері, оған тап болған балалардың мінез-құлқындағы өзгерістер және олармен жұмыс істеу тәсілдері жөнінде нақты ақпараттар берді. Сондай-ақ бала тәрбиесінің тек мектептің емес, ата-ана, ұстаз және қоғамның ортақ міндеті екендігі де ерекше атап өтілді.
Шара соңында барша қатысушыларға бала тәрбиесіне байланысты мәселелерді бірлесе шешудің маңыздылығы, баланың ішкі жан дүниесін түсіну, оған қолдау көрсету жолдары жайлы ойлар ортаға салынды. Педагогтермен кері байланыс жүргізіліп, тәжірибе алмасу мүмкіндігі туды. Аталған мектепішілік бастама – жас ұрпақтың дені сау, қауіпсіз ортада тәрбиеленуіне жасалған маңызды қадамдардың бірі. Педагогтердің балалармен жұмыста психологиялық қауіпсіздік қағидаларын ұстануы олардың дамуы мен оқу үлгеріміне оң әсер етеді.
Бүгінде «буллинг» деген термин жиі қолданылып, балалар арасындағы агрессивті қарым-қатынастың бір түрі ретінде қоғам назарын аудартып отыр. Буллинг – бала психологиясына кері әсер ететін, оның өзін-өзі бағалауына, оқу үлгеріміне және әлеуметтенуіне зиян келтіретін қауіпті әлеуметтік құбылыс. Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін мектеп пен ата-ана арасындағы бірлескен жұмыс, балалармен жүйелі психологиялық қолдау және түсіндіру жұмыстары аса маңызды. Әр бала өзін қауіпсіз, қорғалған және құрметтелетін ортада сезінуі тиіс.