Шымкент ұстаздарының 83,2%-ы жасанды интеллект курстарынан өтті

Авторы:

11.09.2025

Қазақстан бойынша 200 мыңнан астам педагог жасанды интеллектті білім беру процесінде тиімді қолдануға арналған тегін онлайн курстан өтті. Бұл – мұғалімдердің цифрлық сауаттылығын арттырып, заманауи технологияларды сабақ барысында тиімді қолдануға бағытталған ауқымды бастама.

Аталған жоба аясында ерекше белсенділік танытып отырған өңір – Шымкент қаласы. Қазіргі таңда Шымкент қаласының педагогтерінің 83,2%-ы, яғни 15 592 ұстаз цифрлық білімін жетілдіріп, заманауи ЖИ құралдарын оқу процесіне енгізуді үйренді.

Бұл курс ҚР Оқу-ағарту министрлігіне қарасты «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы мен ЮНЕСКО-ның бірлескен жобасы аясында әзірленген. Бағдарлама мазмұнында мұғалімдерге жасанды интеллект құралдарын жауапкершілікпен пайдалану, промпт жазу (нақты әрі сапалы сұраныстар құрастыру), оқу материалдарын әзірлеу және бейімдеу, оқушылардың білімін бағалау әдістері секілді өзекті және қолданбалы бағыттар бойынша білім беріледі.

Оқу LMS платформасында онлайн форматта жүргізіледі, кез келген мұғалім reg.orleu.edu.kz сайты арқылы тегін тіркеліп, өзіне ыңғайлы уақытта қатыса алады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында бұл бағыттағы жұмыстардың маңыздылығын атап өткен болатын:

«Қазақстан үш жыл ішінде міндетті түрде жаппай цифрлық ел болуы керек. Біз жаппай цифрландыру және жасанды интеллект технологиясын барынша енгізу арқылы экономиканы жаңғыртуымыз қажет. Ол үшін, ең алдымен, Цифрлық кодексті тезірек қабылдаған жөн», – деді Президент.

Бұл білім беру саласына да тікелей қатысты, себебі технологияны тиімді қолдана алатын педагог – сапалы білімнің басты кепілі. Жасанды интеллект құралдары мұғалімдердің жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, сабақ сапасын арттыруға, жекелеген оқушылармен жұмыс істеуге, оқу материалының мазмұнын әртараптандыруға мүмкіндік береді. Алайда бұл технологияларды тиімді пайдалану үшін мұғалімдер цифрлық сауаттылықпен қатар, ЖИ құралдарын этикалық әрі жауапкершілікпен қолдану дағдыларын меңгеруі тиіс. ЖИ – көмекші құрал, бірақ негізгі шешім қабылдаушы әрқашан адамның өзі, яғни – мұғалім. Сондықтан бүгінгі таңда педагог тек пәнді білетін маман ғана емес, ақпараттық технологияны еркін меңгерген, заманауи әдістермен қаруланған, цифрлық ортада жұмыс істей алатын кәсіби тұлға болуы қажет.