Мектептерге заманауи аппараттық-бағдарламалық кешен енгізіледі

Авторы:

01.08.2025

Білім беру мекемелерінің қауіпсіздігі мен цифрлық инфрақұрылымын арттыру заманауи оқу процесінің маңызды талаптарының бірі болып табылады. Әсіресе, интернет желісінің тұрақтылығы оқу орындары үшін маңызды фактор. Осыған байланысты биыл Шымкент қаласының білім басқармасына қарасты мектептерге білім беру мекемелерінің қауіпсіздігі мен цифрлық инфрақұрылымын арттыру мақсатында заманауи аппараттық-бағдарламалық кешен орнату жұмыстары басталады. Мұндай кешенді жұмыстар білім беру саласында цифрлық трансформацияны жеделдетіп, оқушылардың заманауи ортада білім алуына мүмкіндік береді.

Бұл бойынша алдымен қаладағы білім ордаларының интернет желісін пайдалану көрсеткіштері зерттелді. Бұған дейін мектептерде 150 мбит/сек интернет жылдамдығы қарастырылған болатын. Оның 20 мбит/сек дабыл нүктесіне, 30 мбит/сек бейнебақылау жүйесіне, ал 100 мбит/сек оқу процесіне бөлінген еді. Алайда, сараптама нәтижесінде кейбір мектептерде бар-жоғы 20 мбит/сек қосылып отырғаны анықталды.

Аталған заманауи аппараттық-бағдарламалық кешен интернет жылдамдығын тұрақты түрде бақылауға мүмкіндік береді. Бұл мамандарға жылдамдық төмендеген жағдайда мәселенің себебін жедел анықтап, тиісті шараларды қолға алуға жағдай жасайды. Бұған қоса, жоба аясында барлық қауіпсіздік жүйелері бір орталықтандырылған кешенге біріктіріледі. Яғни бұған дейін желіні бір компания, бейнебақылау құрылғыларын басқа компания орнатқан болса, енді барлық жүйе өзара үйлесімді жұмыс істейтін болады.

 

Бұл жоба арқылы интернет жылдамдығы тұрақты бақыланып, дер кезінде техникалық ақауларды анықтау мүмкіндігі артады. Оқу ордаларындағы интернет жылдамдығы өте маңызды, себебі ол білім беру процесінің тиімділігін арттырады және оқушылар мен мұғалімдерге заманауи ресурстарды қолдануға мүмкіндік береді.