Шымкент қаласы әкімдігінде өткен баспасөз брифингінде қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек қаладағы қоғамдық-саяси ахуал туралы баяндады. Соның ішінде білім беру саласында жүзеге асырылып жатқан жұмыстарға ерекше тоқталып өтті.
Сәрсен Абайұлының айтуынша, жаңа оқу жылында қала мектептерінде балаларды ыстық тамақпен қамтуды бақылау үшін биометриялық айқындау жүйесі енгізілген.
– Мемлекет басшысы өзінің биылғы Жолдауында алдағы үш жылда Қазақстанды толығымен цифрландыру, жасанды интеллектті пайдалану мәселелерін басты бағыт етіп қойды. Осыған қатысты қазіргі таңда қаламызда цифрландыру бойынша біршама жұмыстар жүзеге асырылып жатыр. Шымкент қаласында Smart City эталондық стандарттары мен ЖИ элементтерін қолдана отырып, бірнеше пилоттық жоба іске асырылуда. Соның бірі мектептердегі ыстық тамақ беру жүйесіне байланысты. Қаладағы ыстық тамақ беретін мемлекеттік мектептердің бәріне бірдей «Alaqan Mektep» жүйесі қойылып, биометриялық айқындау құрылғылары орнатылды, – деді ол.
Мектептерде жұмыс істеп жатқан «Alaqan» биометриялық жүйесі білім алушылардың мектепке кіріп-шығуын алақан іздері арқылы бақылап, асханадан тамақтану процесін де тиімді қадағалауға мүмкіндік береді. Бұл жүйе мектептің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, оқу процесін оңтайландырады. Сонымен қатар, ата-аналар мен мектеп әкімшілігі білім алушылардың мектепке уақытында келіп, кетуін бақылап отыра алады.
Жүйенің тағы бір пайдалы функциясы – асханаға кіріп, тамақтану процесін бақылау. Әр білімалушылар асханаға кірер алдында алақан ізі арқылы тіркеліп, тамақтануын жүйеге енгізеді. Бұл тамақтану кезегін реттеп, асхананың жұмысын тиімді етеді. Мектеп әкімшілігі мен ата-аналар білім алушылардың асханадан уақытылы тамақтануын бақылап, олардың денсаулығына көңіл бөле алады.
– Cонымен қатар, білім басқармасындағы кадрлық жүйені де цифрландырып жатырмыз. Қазіргі уақытта барлық мектептер, қосымша білім беру ұйымдары, балабақшалар осы кадрлық жүйені пайдалану үстінде. Бұл болашақта өз жемісін береді деп есептейміз. Себебі бұл кадр жүйесі өз кезегінде электронды бухгалтериямен, аппараттық-бағдарламалық кешенмен, «Kundelik.kz» порталымен тұтастай байланысты. Осы біртұтас цифрландырылған жүйе арқылы қай жерде қандай мәселелер бар екенін анықтап отыратын боламыз, – деді Сәрсен Құранбек.
Брифинг соңында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері әлеуметтік сала мен инфрақұрылымға қатысты бірқатар маңызды сауалдарын жолдап, тиісті жауаптар ала алды.