Қосымша білім беру саласын цифрландыру бойынша Шымкент өңірлер арасында алдыңғы орында келе жатыр. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек хабарлады.
– Қосымша білім жүйесін де қазіргі таңда цифрландырып, ваучерлік жүйеге көшіріп жатырмыз. Шымкент қаласының қосымша білім бойынша өзге өңірлерден оқ бойы озық тұрғанын, алда келе жатқанын айтпай кетуге болмайды. Пилоттық жобаға қатысып отырған алты өңір болса, солардың ішіндегі үздігі – Шымкент қаласы, – деді ол.
Сондай-ақ, қала әкімінің орынбасары мемлекеттік білім беру саласын цифрландыру аясында атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып, бұл бағытта орын алған бірқатар маңызды өзгерістерге тоқталды. Оның айтуынша, бұрын ата-аналар баласының қанша үйірмеге тіркеліп, нақты қайсысына қатысып жүргенін бақылауға мүмкіндігі болмаған. Алайда қазіргі таңда бұл олқылықтар толығымен жойылып, жүйе ата-аналар үшін әлдеқайда ашық әрі қолжетімді бола түскен.
– Бұрын бір баланың қанша үйірмеге тіркеліп тұрғанын, олардың сол үйірмеге барған-бармағанын бақылай алмайтын едік. Біз қазір осы кемшілікті толықтай жойдық. Бұрынғы жүйе бойынша бұл бақылау ата-аналардың тарапынан емес, тек өнім жеткізуші мен оператор, яғни басқарманың тарапынан ғана жүзеге асатын болған. Осы тұрғыда қазір ата-аналар 1414-тен «Egov» порталы арқылы келетін хабарлама бойынша да балаларының қандай үйірмеге тіркелгенін бақылап отыр.
Жалпы, осы цифрландыру жүйесін орнату барысында мемлкеттік білім беру, спорттық және шығармашылық тапсырысында 44 000 бала тіркеліп тұрған болса, соның 11 000 орны қазіргі таңда бос. Егер бір жылдың ішінде осынша бала мемлекет тарапынан беріліп отырған қызметті пайдаланбайтын болса, онда шамамен алғанда 2 миллиард теңге бюджет қаржысы үнемделеді. Түптің түбінде электронды табельдеуге көшетін боламыз. Сол кезде қаржының үнемделуі әлдеқайда жоғары болады деген ойдамыз.
Қазіргі таңда инклюзивті білім беру жүйесін де толығымен цифрландырып жатырмыз. Жалпы келесі жылға дейін осы білім саласын толығымен цифрландырып үлгереміз деген жоспар бар, – деді С.Абайұлы.
Білім беру саласын цифрландыру – бұл жай ғана технологияны енгізу емес, бүкіл білім жүйесін жаңғырту жолы. Ол сапалы білімге тең қолжетімділікті қамтамасыз етіп, оқу процесінің тиімділігін арттырады. Сонымен қатар, цифрландыру мемлекеттік ресурстарды үнемдеп, білім беру саласындағы басқару мен бақылауды жүйелі түрде жүргізуге мүмкіндік береді. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып, білім саласының одан әрі дамуына негіз болмақ.