Мектепке бейнебақылау камераларын орнату – оқу ордасындағы қауіпсіздік пен тәртіпті қамтамасыз етудің маңызды құралы. Бұл жүйе ең алдымен оқушылар мен мұғалімдердің қауіпсіздігін бақылауға мүмкіндік береді. Камералар арқылы мектеп ішіндегі және аумағындағы жағдай тұрақты түрде қадағаланып, құқық бұзушылықтардың, бөгде адамдардың кіруінің, төтенше жағдайлардың алдын алуға болады. Сонымен қатар, даулы немесе түсініспеушілік туындаған сәттерде бейнежазбалар нақты дәлел ретінде қолданылып, шындықты анықтауға көмектеседі. Мұндай жүйе оқушылардың тәртіп сақтап, мектеп ережелерін бұзбауына ықпал етеді. Жалпы, камералар мектептегі тыныш әрі бақылаулы орта қалыптастыруға бағытталған.
Осы мақсатта Шымкент мектептеріне 10 мыңнан астам бейнебақылау камералары орнатылмақ. Барлық орнатылатын бейнебақылау камералары Hikvision зауытының өнімдері болып табылады. Жобаның сапасын арттыру үшін жабдықтаушы компаниядан тиісті сертификат талап етіледі. Жоба шеңберінде Жедел басқару орталығы, Әдістемелік орталық, дабыл жүйесі мен цифрлық инфрақұрылым толық интеграцияланып, біртұтас жүйе ретінде жұмыс істейтін болады.
Қазіргі уақытта мектептерде орнатылған бейнебақылау құрылғыларының ішінде 2600-ге жуығы ескі және техникалық талаптарға сай келмейтін аналогтық жүйеге жатады. Бұл камералар толықтай жаңартылып, Полиция департаментінің Жедел басқару орталығымен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік беретін жүйеге бейімделетін болады.
Камералар оқу кабинеттеріне, дәліздерге, баспалдақ алаңдарына және мектеп ауласына орнатылады. Тек дәретханаларға бейнебақылау қойылмайды, себебі бұл жеке адамның құқығы мен жеке кеңістігіне қол сұғушылық болып есептеледі. Бейнебақылау жүйесі заң талаптарына және этикалық нормаларға сай жүзеге асырылмақ.
Жүйе толық іске қосылған жағдайда, мұғалімдердің оқу үдерісіндегі қызметін, оқу ісі жөніндегі орынбасары, мектеп директоры және Білім басқармасына қарасты Әдістемелік орталықтың мамандары мен Білім басқармасының басшылығы онлайн режимде толықтай қадағалау, зерделеу жұмысын жүргізуге мүмкіндік алады. Сондай-ақ, болашақта «Kundelik.kz» электрондық платформасы арқылы ата-аналарға да қолжетімділік берілуі мүмкін. Ата-аналар баласының сабаққа қатысуын, оқу үлгерімін және жалпы оқу процесінің өту барысын онлайн бақылап отыра алады.