«Ұлттық құндылықтарға негізделген әдістер» тақырыбында тәжірибе алаңы ұйымдастырылды

Авторы:

19.09.2025

Әрбір елдің ұлттық құндылықтары оның тарихы мен мәдениетінің, рухани дәстүрлерінің негізін құрайды. Бүгінгі білім беру жүйесінде осы құндылықтарды оқыту үдерісіне тиімді енгізу жастардың ұлттық санасын қалыптастырудағы маңызды міндеттердің бірі болып табылады. Ұлттық құндылықтар арқылы тәрбие беру оқушылардың рухани-адамгершілік қасиеттерін дамытып, елдің мәдени мұрасын сақтап қалуға және оны жалғастыруға жол ашады. Осыған байланысты, Шымкент қаласы №135 жалпы білім беретін мектептің бастауыш сынып мұғалімдері кәсіби құзыреттіліктерін арттыру және оқыту үдерісіне ұлттық құндылықтарды жүйелі түрде енгізу мақсатында педагог квартеті аясында маңызды жұмыстар атқарды.

Педагог квартет ұжымы «Ұлттық құндылықтарға негізделген әдістер» тақырыбында тәжірибе алаңын ұйымдастырып, бастауыш сынып оқушыларының бойында ұлттық сана-сезімді, рухани-адамгершілік қасиеттерді қалыптастыруға бағытталған түрлі әдістерді қолдануда. Бұл бағыттағы ең тиімді тәсілдердің бірі ретінде әдебиеттік оқу пәнінде комикс арқылы оқыту әдісі қолданысқа енгізілді. Бастауыш сынып мұғалімі Тасполат Таңшолпан бұл әдісті оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттыру, оқу үдерісін түрлендіру және оқыту сапасын жақсарту мақсатында сәтті жүзеге асырды.

Комикс көрнекілігі балаларға қызықты болуы үшін кинолента ретінде жасалған. Бұл тәсіл оқушылардың назарын аударып, оқиға желісін динамикалық әрі көркем түрде қабылдауына мүмкіндік береді. Кинолента форматындағы комикс визуалды әсері арқылы мәтіннің мағынасын жеңіл әрі түсінікті етеді, сонымен қатар балалардың қиялын дамытып, шығармашылық қабілеттерін арттырады. Мұндай көрнекілік құрал оқушылардың білімге деген қызығушылығын оятып, оқу үдерісін интерактивті әрі әсерлі етеді. Сонымен қатар, комиксті кинолента ретінде көрсету балалардың коммуникативтік дағдыларын дамытуға септігін тигізеді.

Әдеби шығарманың мазмұнын дәстүрлі мәтін түрінде ғана емес, комикс форматына бейімдеп, көрнекі құрал ретінде ұсыну оқушыларға шығарманы жан-жақты түсінуге, кейіпкерлердің іс-әрекетін талдауға және сюжеттік желіні көз алдына елестетуге мүмкіндік береді. Ұлттық құндылықтарға негізделген әдістерді қолдану арқылы білім беру процесін тиімді және мәнді ету жолында осындай тың әдістер қолға алынуда.