Онлайн форматта кездесу өтті

Авторы:

18.09.2025

2025 жылдың 18 қыркүйегі күні «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамының басқарма төрайымы Айдана Сенбекқызы Шилибекованың жетекшілігімен ұжым мүшелері саяси ғылымдар докторы, профессор, Мемлекет тарихы институты бөлімінің жетекшісі Венера Абыханқызы Жексембековамен онлайн форматта маңызды кездесу өткізді. Бұл кездесу еліміздегі білім беру саласы қызметкерлерінің кәсіби дамуына, сондай-ақ мемлекеттік бағдарламалар мен стратегиялық бағыттардың түсінікті әрі жан-жақты талдануына бағытталды.

Кездесу барысында профессор Венера Абыханқызы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылдың 8 қыркүйегінде Қазақстан халқына жолдаған «Қазақстан жасанды интеллект дәуірінде: өзекті міндеттер және оларды цифрлық трансформация арқылы шешу» атты Жолдауының негізгі мазмұнына және стратегиялық басымдықтарына кеңінен тоқталды. Спикер Жолдаудың еліміздің дамуындағы маңыздылығын, оның қазіргі заманғы технологияларды енгізу арқылы әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсартуға бағытталғанын атап өтті. Сонымен қатар, профессор В.А. Жексембекова цифрландыру үдерісінің білім беру мен ғылым саласына тигізер әсеріне де ерекше мән берді. Ол заманауи технологиялардың білім беру жүйесін жетілдіру, оқыту әдістерін жаңғырту және ғылыми зерттеулердің сапасын арттыруда шешуші рөл атқаратынын жеткізді.

Сонымен қатар, профессор жасанды интеллектті енгізудің саяси және қоғамдық маңызына назар аударып, оның ұлттық қауіпсіздік пен елдің бәсекеге қабілеттілігін арттырудағы рөлі туралы өз көзқарасын білдірді. Жасанды интеллект білім беру үдерісін жетілдіруге, оқыту әдістерін тиімді әрі жекелендірілген түрде ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Бұл технология оқушылардың қабілеттерін жан-жақты бағалап, олардың жеке қажеттіліктеріне сай білім беру бағдарламаларын құруға жол ашады.

Кездесу соңында «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының қызметкерлері профессорға бірнеше сұрақ қойып, білім саласындағы инновациялар мен технологияларды енгізу мәселелерін талқылап, мазмұнды пікірталас ұйымдастырды. Бұл диалог барысында әртүрлі көзқарастар мен ұсыныстар айтылып, тың идеялар мен жаңа тәсілдерге қатысты пікір алмасу жүргізілді. Осындай кәсіби кездесулер ұжымға стратегиялық мәселелерді тереңірек түсінуге, өзекті бағыттар бойынша жаңа білім алу мен тәжірибе жинақтауға септігін тигізді.