Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2015 жылғы 16 қаңтардағы №12 бұйрығына енгізілген өзгерістерге сәйкес, 2023 жылғы 2 маусымдағы №157 бұйрығымен бекітілген Қағида негізінде «Үздік педагог» атағын беру конкурсының Шымкент қаласы бойынша қалалық ІІ кезеңі биылғы жылғы қыркүйек айында жоғары деңгейде ұйымдастырылып, өз мәресіне жетті.
«Педагог мәртебесі туралы» Заңның талаптарына сәйкес ұйымдастырылған бұл іс-шараға мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының меншік нысаны мен ведомстволық бағыныстылығына қарамастан барлығы 131 педагог қатысып, өз білімдері мен кәсіби құзыреттерін көрсетті.
Нәтижесінде Шымкент қаласы бойынша 80 баллдан жоғары ұпай жинаған 7 үздік педагог қалалық кезеңнің жеңімпаздары атанып, республикалық ІІІ кезеңге жолдама алды. Олар – біліктілігі мен шығармашылық қабілеті жоғары, әрқайсысы өз саласының шебері:
- Бекманова Меруерт Гаухаровна – Жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжінің арнайы пән оқытушысы;
- Валитова Лилия Маратовна – Жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжінің арнайы пән оқытушысы;
- Есенбекова Кулимкоз Ширнебаевна – №90 дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-гимназиясының тарих пәні мұғалімі;
- Кумисбекова Кулайхан Аргынбаевна – №66 «Қазығұрт» жалпы орта білім беретін мектебінің қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәні мұғалімі;
- Соловьева Алина Робертовна – А.Пушкин атындағы №1 мектеп-гимназияның биология пәні мұғалімі;
- Джапарова Марварид Абдыганиевна – Тамақтандыру индустриясы және сервис колледжінің арнайы пән оқытушысы;
- Даулетбахова Гульнара Жарасовна – №2 мамандандырылған үш тілде оқытатын мектеп-интернатының қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәні мұғалімі.
Осылайша Шымкент қаласының білім саласындағы үздік мамандары өздерінің кәсіби деңгейін тағы бір мәрте дәлелдеп, білім беру саласындағы жаңашылдық пен табысты тәжірибелерді насихаттауға өз үлестерін қосуда.
«Үздік педагог – 2025» байқауы білім беру саласындағы шығармашылық және кәсіби шеберлікті арттыруға арналған маңызды шара. Бұл байқау педагогтардың инновациялық әдістерін, кәсіби жетістіктерін және оқушыларды сапалы білімге баулудағы үлесін дәріптеуге бағытталған. Қатысушылар өз тәжірибелерімен бөлісіп, үздік оқыту әдістемелерін таныстырады, соның нәтижесінде еліміздің білім беру жүйесінің дамуына өз ықпалын тигізеді.