Бүгінгі заман талабы білім мен тәрбие берудің жаңа әдістерін, сонымен қатар оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға бағытталған тиімді тәсілдерді қажет етеді. Осы орайда, оқушылардың болашақ мамандыққа деген қызығушылықтарын ояту, олардың армандарын ашуға мүмкіндік беру маңызды орын алады.
Шымкент қалалық білім басқармасына қарасты №57 жалпы орта білім беретін мектебінің кәсіптік бағдар беруші педагогы Рахманкулова Фариза Даниярқызы оқушылардың қиялын дамыту, олардың болашақ армандары мен мамандық таңдауларына қызығушылығын арттыру, шығармашылық қабілеттерін жетілдіру арқылы өзін-өзі танып-білуін қолдау мақсатында «Менің болашақ мамандығым» тақырыбында шығармашылық сурет салу сәтін ұйымдастырды. Оқушыларға өздері армандап жүрген мамандықты сурет арқылы бейнелеу тапсырылды. Бұл тапсырма балаларға өз армандарын еркін жеткізуге, қиялын еркін ашуға, болашаққа сенімді қадам жасауға мүмкіндік берді.
Суреттерде балалар әртүрлі мамандық иелерін көрсетті: дәрігерлер мен мұғалімдер, спортшылар мен полиция қызметкерлері, әскери қызметкерлер мен ғарышкерлер, жазушылар мен ғалымдар – барлығы өз армандарының көрінісі ретінде таңдап алған мамандықтарын бейнеледі. Содан соң балалар өздері салған суретпен таныстырып, неге сол мамандықты таңдағанын түсіндіріп өтті. Бұл оқушылардың өзін-өзі көрсету қабілетін дамытып қана қоймайды, өзара сыйластық пен түсіністік атмосферасын қалыптастырды.
Нәтижесінде:
• Балалардың шығармашылық қабілеттері артты,
• Өз армандарына деген сенімділігі күшейді,
• Болашақ мамандық таңдауға деген қызығушылығы оянды,
• Сөйлеу мәдениеті мен қоғамдық қарым-қатынас дағдылары жетілдірілді.
Мамандық таңдау – адамның өмірлік бағытын айқындайтын маңызды кезең. Бала кезден қалыптасқан қызығушылық пен армандар оның тұлғалық және кәсіби дамуында үлкен рөл атқарады. Сондықтан оқушыларға өз армандарын еркін білдіруге жағдай жасау, олардың жеке қабілеттерін ашуға көмектесу – тәрбиенің басты міндеттерінің бірі.
Осындай шығармашылық іс-шаралар балалардың жеке тұлға ретінде қалыптасуына, өз болашағына саналы түрде қарауына, арман-тілектерін жүзеге асыруға ұмтылуына мүмкіндік береді. Бұл тәжірибе болашақта өз мамандығын дұрыс таңдап, өмірлік мақсаттарына жетуге негіз болады.