Шымкент қаласында 2025-2026 оқу жылына арналған 1-сыныпқа қабылдау науқаны белгіленген тәртіпке сай белсенді жүргізілуде. Бұл процесс білім мекемелерінде 1 сәуірі мен 31 тамызы аралығында жүзеге асырылады. ҚР «Білім туралы» Заңына сәйкес, бірінші сыныпқа баратын балалардың ата-аналары немесе заңды өкілдері құжаттарды екі жолмен өткізуіне болады:
- eGov порталы арқылы онлайн;
- тікелей мектепке апару, тікелей мектеп әкімшілігіне тапсыру.
eGov порталында онлайн өтінім жіберу үшін ата-ана не баланың заңды өкілінде келесілер болуы керек:
- ЭЦҚ;
- екі телефон нөмірі (негізгі және қосымша);
- электрондық пошта.
Қажет құжаттар:
- баланың ата-анасының немесе заңды өкілінің өтініші (сайтта толтырады);
- баланың 3х4 көлеміндегі фотосуреті (екі дана).
- 026/у-3 және 063/у нысандары бойынша баланың денсаулық жағдайы туралы анықтамалардың түпнұсқасы.
Биыл болжам бойынша жаңа оқу жылында Шымкент қаласындағы 268 мектепке 27 546 оқушыны 1-сыныпқа қабылдау жоспарланып отыр. 2025 жылғы сәуірдің 1-інен бүгінге дейін 21 097 өтініш келіп түскен. Оның ішінде:
- электронды түрде – 16 893 өтініш,
- қағаз нұсқада – 4 204 өтініш,
Тілді оқыту бағыты бойынша:
- қазақ сыныбына – 12 777 оқушы,
- орыс сыныбына – 4 818 оқушы,
- өзбек сыныбына – 3 499 оқушы қабылданды.
Қазіргі таңда барлық білім беру ұйымдарында балаларды 1-сыныпқа қабылдау процесі жоспарға сай жүргізіліп жатыр. Мектептерде құжаттарды қабылдауға қатысты арнайы жауапты мамандар бекітіліп, мектеп әкімшіліктері апта сайын ата-аналармен кездесу өткізуде. Оларға қажетті құжаттарды қабылдау талаптары мен мерзімдері бойынша түсіндіру және кеңес беру шаралары ұйымдастырылуда.
Мағлұматтар апта сайын жинақталып, білім беру ұйымдарына әдістемелік қолдау көрсетілуде. Сонымен қатар, мектептердің ресми сайттары мен әлеуметтік желілер арқылы ақпараттық хабарламалар таратылып отыр.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 25 қаңтардағы №64 және 2025 жылғы 8 мамырдағы №320 қаулыларына сәйкес, жаңа оқу жылында әлеуметтік осал санаттағы 56 430 оқушыға 46 500 теңгеден бір реттік қаржылай көмек көрсету жоспарланған. Бұл көмек атаулы әлеуметтік көмек алатындарға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, сондай-ақ табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардан шыққан оқушыларға тиесілі.
Аталған мақсатқа жалпы сомасы 2 млрд 623 млн 995 мың теңге бөлінуі жоспарлануда.