Шымкент қаласында «Келешек мектептері» жобасы аясында жаңаша білім алған оқушылардың қабілет-қарымы жақсарды. Таңдаулы пәндер арасында жүргізілген тестілеу қорытындысы бойынша балалардың білім деңгейі 61,5 пайыздан 65,2 пайызға дейін өскен. Сала мамандарының пайымынша аз уақытта айтарлықтай нәтижеге теориялық білімді тәжірибелік біліммен ұштастыру әсер еткен. Сонымен қатар, оқушының қызығушылығына замануи құралдар мен IT технология, робототехника сыныптары серпін берді. Өңірде «Келешек мектептері» жобасымен 11 нысан салынып, 12 мыңға жуық оқушы жаңартылған білім беру бағдарламасымен қамтылған. Биыл Таскен тұрғын алабында тағы 1200 орынға арналған жаңа мектеп қолданысқа берілмек.
– Бұл мектептерге конкурстық жүйеде оқушылар да, мұғалімдер де қабылданды. Бізде 805 мұғалім сабақ беруде. Мұғалімдеріміздің сапалы құрамы 35 пайызды құрайды. Мемлекеттік стандарттағы бағдарламаларды тереңінен түсінуі білім сапасының көтерілуіне әсер етті, – дейді қалалық білім басқармасының бөлім басшысы А.Тұрсынова.
Қазіргі таңда «Келешек мектептері» жобасы аясында салынған барлық мектепте робототехникалар, информатика кабинеттері, STEAM-зертханалар, химия, биология және физика пәндеріне арналған заманауи жабдықталған зертханалар жұмыс істейді. Бұл кабинеттер оқушылардың терең әрі сапалы білім алып, зияткерлік әлеуетін арттыруына, теориялық білімін тәжірибе жүзінде қолдануына мүмкіндік береді.
Шымкент қаласындағы «Келешек мектептері» жобасы аясында жүзеге асырылған жаңашыл білім беру жүйесі оң нәтижесін беруде. Таңдаулы пәндер бойынша оқушылардың білім деңгейі едәуір өсіп, теорияны тәжірибемен ұштастыру арқылы оқу сапасы артты. Заманауи технологиялармен жабдықталған кабинеттер, IT және робототехника сыныптары балалардың пәнге қызығушылығын арттырып, зияткерлік әлеуетін дамытуға жол ашты. Жоба шеңберінде жаңадан бой көтерген мектептер мен білікті мұғалімдердің сапалы құрамы білім беру жүйесін жаңа деңгейге көтеріп отыр. Алдағы уақытта бұл бастаманың аясын кеңейту арқылы білім сапасын одан әрі жақсартуға мүмкіндік бар.