Түркістан облысының барлық аудандарында өскелең ұрпақтың білімге, кітап, газет-журнал оқуға деген қызығушылығын арттыруға бағытталған «Ақылдыммен ақылдымын» байқауын өткізу жыл сайын дәстүрге айналған. Аталмыш балалар кітап байқауының іріктеу кезеңі бұл жолы сырлы Созақ өлкесіндегі «Мыңжылқы» аудандық мәдениет сарайында жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Бұл жас оқырмандардың рухани дүниесін байытып, таным көкжиегін кеңейтті.
Байқаудың басты мақсаты – кішкентай оқырмандарды кітаппен және балаларға арналған баспасөз басылымдарымен таныстыра отырып, олардың ой-өрісін кеңейту, қиял әлемінің шарықтауына жол ашу. Сонымен қатар, өзара диалог құру арқылы сөздік қорын молайтуға, ойын еркін жеткізуге, көркем тілмен жазуға машықтандыру арқылы ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталды.
Шара шымылдығын Созақ ауданы әкімінің орынбасары Алтын Күнтуқызы алғаш ашып, білім айдынына беттеген балайқайлардың қадамына сәттілік тіледі. Бұдан бөлек, балаларға арналған республикалық «Ақылдым» журналының редакторы, «Қызмет» ЖШС газетінің директоры, «Серпіліс» қоғамдық қорының төрайымы Бейсенкүл Нарымбетова мен бірқатар қадірлі қонақтар жылы лебіздерін жеткізді.
Аталған сайысқа аудан мектептерінен іріктеліп алынған жас кітапқұмар оқушылар қатысып, өз білімін, шығармашылық қабілетін, кітапқа деген қызығушылығын ерекше белсенділікпен көрсете білді. Қатысушылар түрлі тапсырмалар арқылы оқыған кітаптарынан алған әсерлерін ортаға салып, көркем сөйлеу шеберліктерін, логикалық ойлау және жазбаша сауаттылықтарын жан-жақты таныта алды.
Нақтырақ айтқанда, оқырмандар үш кезең бойынша сынға түсті. Болашағынан үміт күттіретін балалардың бірі «Мен қандай адам боламын» тақырыбында шығарма жазса, енді бірі «Баспасөзбен бірге өсіп келемін» деп аталатын қабырға газетін шығарды. Бұдан бөлек, білімпаз балғындар «Мен оқығанды жақсы көремін» тақырыбында өздерінің сүйікті шығармалары мен өлеңдерін сахна тілінде сөйлетіп, өз өнерлерін көрсетті.
Байқауға «Ақылдым» журналының редакторы Бейсенкүл Нарымбетова, журналист, «Анаға тағзым» жобасының авторы Әлия Ортаева, Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап–ғылыми кітапханасының балалар бөлімінің кітапханашысы Балнұр Жетпісбай қазылық жасады.
Нәтижесінде Қарақұр ауылдық кітапханасының Маулен Марлен – бас жүлде иегері атанып, облыстық кезеңге жолдама алды. Ал Раң ауылдық кітапханасының оқырманы Мақсұтбек Альмира – І орынды, Созақ аудандық балалар кітапханасының оқырманы Айғаным Таужанова – ІІ орынды, «Қыземшек» кентінің оқырманы Аружан Сұлтанбай – ІІІ орынды қанжығасына байлады.
Бүгінгі жас буынды кітапқұмарлыққа, білімге баулитын байқау барысында балаларға «Ақылдым» журналы үлестірілді. Аудан өнерпаздары ән-жырдан шашу шашып, көрермендерді көтеріңкі көңіл-күйге бөледі.
Сайыс соңын Созақ аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Нұржамал Әбілжанқызы қорытындылап, қатысушылар мен құрметті қонақтарға алғысын білдірді. Барлық қатысушыларға арнайы Алғыс хаттар мен сый-сияпаттар табысталды.