Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, әкім орынбасары Сәрсен Құранбек бірқатар салалық басқармалардың басшыларымен бірге кезекті баспасөз мәслихатын өткізді.
Брифинг аясында қарттарға қолдау таныту, білім, әлеуметтік, инфрақұрылым салаларына қатысты бірқатар мәселелер қозғалды.
Сәрсен Абайұлы алдымен қазыналы қариялардың дәстүрлі қоғамда алатын орнын айрықша атап айтты. Ұрпақ жалғастығын, дәстүр сабақтастығын қалыптастыратын көнекөз кісілер қашанда сый-құрметке лайық екендігін жеткізді. Брифинг барысында Қарттар күні қарсаңында «Shymkala Qamqor» жобасы аясында жүзеге асып жатқан жұмыстар жайлы қысқаша бейнеролик көпшілік назарына көрсетілді. Аталмыш жоба қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің тапсырмасымен іске қосылған.
Жоба аясында қаламыздағы қарттарымызға мәдени, спорт кешендеріне, бассейнндерге, мұражайларға, театрларға, тіпті немерелерімен хайуанаттар бағына да тегін бару мүмкіндіктері қарастырылған. Бүгінде қаламызда 90 мыңнан астам қарт тұрады. Оларға қаламызда алғаш бастау алған «Белсенді үзақ өмір сүру орталығында» 34 әлеуметтік қызмет түрлері көрсетіледі.
Спикер өз сөзінде алдағы уақытта Ұстаздар, Өрт сөндірушіер, Республика күні секілді атаулы күндер қарсаңында қаламызда ұйымдастырылатын мерекелік іс-шараларға жан-жақты тоқталып өтті.
Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оларға қолайлы орта қалыптастыру бағытында Шымкент шаһарында бірнеше өрт сөндіру депосы ашылған. Бүгінде Таскен, Елтай, Сәуле шағынаудандарында өрт сөндіру деполарының құрылыс-монтаж жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Дәл осындай нысандар жыл соңына дейін Бозарық, Жаңаталап елдімекендерінде салыну жоспарлануда. Сондай-ақ, биыл Төтенше жағдайлар министрлігінің құрылуына 30 жыл толуына орай, «30 жылдыққа 30 игі іс» бастамасы қолға алынып отыр. Осы ретте, үшінші мегаполистегі құтқарушы қызметкерлер табиғатты қорғауға, ерекше балаларды қолдауға және жануарларға қамқорлық көрсетуге бағытталған іс-шаралар ұйымдастырылады.
Бұдан бөлек, қалалық төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерінің тарапынан «Ардагерлерді сақта», «Құтқарушылар қамқорлығы», «Қолжетімді қауіпсіздік», «Таза жағалау», «Құтқарушылар жануарларға көмектеседі», «Армандар қанаты» секілді әлеуметтік акциялар аясында белсенді жұмыстар атқарылуда.
Келесі кезекте ресми өкіл жылыту маусымына қатысты жүргізіліп жатқан жұмыстар барысын баяндады. Оның айтуынша, 2025-2026 жылыту маусымына дайындық жұмыстары іс-шара жоспарына сәйкес жүзеге асырылуда. Бүгінгі күнде қаланың ішінде орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосылған 26 жылыту қазандығы бар. Тұрғындардың көмірмен қамтылу мөлшері 86%-ды құрап отыр.
Басқосу аясында қоғамдық көлік қызметін оңтайландыруға орай және жолаушылардың ұсыныс-тілектері негізінде №8 бағыт ашылғаны айтылды. Мұндағы мақсат – қала аумағына кейіннен қосылған шағынаудандарды, соның ішінде Тоғыс тұрғын алабын қамтып, тұрғындардың қала орталығына қатынауын жеңілдету. Жаңа №8 бағыт ертеңнен бастап қала тұрғындарына қызмет көрсете бастайды. Автобустар легі Тоғыс тұрғындары үшін қала орталығына жетуді едәуір жеңілдетіп, қоғамдық көліктің қолжетімділігін арттыруға ықпал жасайды. Кестеге сәйкес жұмыс күндері 5 автобус, ал демалыс күндері 3 автобус бағытқа шығады. Қозғалыс аралығы 28-45 минутты құрайды. Бағыт сызбасы Тоғыс тұрғын алабындағы Мұнайбарлаушылар көшесінен бастап «Көл» аялдамасына дейін жалғасады.
Баспасөз мәслихаты барысында оқушылардың мектеп формасын сақтау мәселесі де назардан тыс қалмады. Бүгінгі таңда қаладағы 62 жалпы орта мектепте 409 оқушының мектеп формасына қатысты талаптарды сақтамағаны анықталып отыр. Бұл бойынша Білім басқармасы, құзырлы орган, дін өкілдері қызметкерлерінің қатысуымен арнайы кеңес құрылып, ата-аналарға түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар, Сәрсен Абайұлы мегаполисте мемлекеттік тіл саясатының белсенді жүзеге асырылуына басымдық берілуін баяндады. Яғни, қаладағы жарнамалық, көрнекілік ақпараттарда мемлекеттік тілдің қолданылу аясын мейлінше кеңейту керектігін тілге тиек етті.
Баспасөз мәслихатының соңында Сәрсен Құранбек журналистердің қойған сұрақтарына жауап берді.