Білім беру саласындағы тәртіп пен талаптарды сақтау – сапалы оқу үдерісінің басты бөлігі. Мектеп формасы – оқушылар арасында бірыңғай тәртіпті, жауапкершілік пен ортақ мәдениетті қалыптастырудың бір жолы. Ол әрбір баланың әлеуметтік теңдігін қамтамасыз ете отырып, алаңсыз білім алуына мүмкіндік береді. Алайда 2025–2026 оқу жылында Шымкент қаласының білім беру ұйымдарында мектеп формасына қойылатын талаптардың сақталмауы байқалуда. Қозғалған тақырыпқа қатысты қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек қазіргі таңда жан-жақты зерделеу жұмыстары жүргізіліп жатқаны жайлы баспасөз мәслихатында мәлімдеме жасады.
– «Бүгінде Шымкент қаласындағы жалпы білім беретін 62 мектепте (оның ішінде 44 мемлекеттік және 18 жекеменшік мектеп) мектеп формасына қатысты қағиданы бұзып, сабаққа орамал тағып келетін 409 оқушы анықталып отыр», - деді ресми өкіл.
Бұл мәселе білім беру мекемелерінде енгізілген бірыңғай мектеп формасының талаптарына сәйкес келмейтіні белгілі. «Білім туралы» Қазақстан Республикасының Заңы мен Білім және ғылым министрлігінің 2016 жылғы 14 қаңтардағы №26 бұйрығы бойынша оқушылардың мектеп формасын сақтау міндетті екені нақты көрсетілген. Аталған талаптар оқу үдерісінде бірыңғай тәртіп пен тәрбие беру қағидаларын қамтамасыз ету, білім ордаларында белгіленген қағидаларға бағыну, сонымен қатар оқушылар арасында әлеуметтік теңдікті сақтау мақсатында енгізілген.
«Осы орайда, оқушылардың формасына қатысты туындаған олқылықтың орнын толтыру үшін талаптар күшейтілді. Бүгінде қаламыздағы барлық білім ұйымдарында профилактикалық кеңестер құрылды. Оның құрамына мектеп қызметкерлері, білім басқармасының өкілдері, учаскелік полиция инспекторлары мен теолог мамандар енгізілді. Кеңес мүшелері әрбір ата-анамен тұрақты түрде кездесулер ұйымдастырылып, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Мектеп формасына қатысты енгізілген ережелерді сақтамаған оқушылардың әрекеті де назардан тыс қалмайды. Анығын айтқанда, мектеп әкімшіліктері тарапынан ереже бұзған оқушылар мектепішілік есепке алынып, олармен және олардың ата-аналарымен профилактикалық жұмыстар атқару үстінде. Бұдан бөлек, ата-аналардың жауапкершілігі қаралып, тиісті қызметкерлер тарапынан Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес түсіндіру шаралары қатаң ескертіліп жатыр», - деп атап өтті Сәрсен Абайұлы.
Әрине, бұл шаралар – тек жазалау емес, бастысы, оқушылардың тәртіпке бағыну мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Сонымен қатар, шәкірттерді оқу-тәрбие үдерісінің бірізділігін сақтауға және білім беру мекемелерінде теңдік пен тәртіпті қамтамасыз етуге шақырады.
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, әрбір оқушы мектепке белгіленген формада келуге міндетті. Алайда 2024–2025 оқу жылында 74 мектепте мектеп формасына қойылған талаптарды сақтамаған 563 оқушы анықталды. Осыған байланысты 326 ата-анаға қатысты құжаттар тиісті органдарға жолданып, 90 әкімшілік іс қозғалды. Оның ішінде, 27 ата-анаға айыппұл салынып, 63-іне ескерту берілді.
Айта кетейік, алдағы уақытта ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 409-бабы 2-тармағына сәйкес, мектеп формасына қатысты талаптарды орындамаған ата-аналарға әкімшілік шара қолдану жұмыстары жалғасатын болады. Осыған орай, спикер әрбір ата-ананың балаларын мектепке жіберерде белгіленген форма талаптарын қатаң сақтау қажеттігін алға тартты.