Қазір жаз маусымының соңғы айы, оқушылар кезекті демалыста. Осы ретте Шымкент қаласындағы Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасының қызметкерлері оқушылардың бос уақытын тиімді пайдалана отырып, кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру мақсатында табиғат аясында кітап көрмесін ұйымдастырды.
Бұл іс-шараның басты мақсаты – балаларға кітапты тек мектепте, кітапханада, үйде ғана емес, табиғат аясында да оқу мүмкіндігі бар екенін көзбен көрсету, осылайша олардың бойында кітап оқу мәдениетін қалыптастыру. Себебі, балалар кітапты ашық аспан астында, доп ойнап, сусын ішіп, еркін отырып оқыса, көңілдері сергіп, білім көкжиектері кеңейе түседі. Табиғат аясында кітап оқу – баланың дамуына ерекше әсер ететін пайдалы әдіс. Бұл тек білім алумен шектелмей, жан-жақты дамуға да мүмкіндік береді. Ол оқуға деген қызығушылықты арттырып қана қоймай, баланың физикалық және психологиялық денсаулығына да оң әсер етеді. Сонымен қатар, табиғат көріністері бала қиялын қозғайды.
Аталған кітап көрмесінде балалар назарына музыка, би, сәулет, қолөнер, кино, театр тәрізді ұлтымыздың рухани-мәдени болмысын байқататын кітаптар, альбомдар ұсынылды. Нәтижесінде балалар Қазақстан өнерінің мәні мен рөлі туралы, сондай-ақ халқымыздың әлем таныған өнер жұлдыздары Ш.Айманов, А.Әшімов, Е.Серкебаев, Б.Төлегенова, Ә.Өмірзақова, Р.Бағлановалардың т.б. өмірі мен шығармашылығы жайлы қызықты мол мағлұмат алды. Сонымен қатар балалар көрмеге қойылған қолөнерге, суреттерге қызығушылықтарын білдірді. Осылайша, оқушылар жазғы демалыста тек таза ауада тыныстап, ойын қызығына батып қана қоймай, жаңа білім көзін ашып та үлгерді. Бұл кітап көрмесі кішкентай оқырмандардың өмірінде өзінің тәрбиелік және рухани рөлін тағы бір мәрте дәлелдеген мазмұнды кеш ретінде маңызды орын алды.