Шымкент қаласында жас мамандардың кәсіби дамуына серпін беретін ауқымды іс-шаралар жүйелі түрде ұйымдастырылып келеді. Қаладағы №150 жалпы орта білім беретін мектеп базасында «Кәсіби диалог» жобасы аясында «Жас ұстаздың алғашқы сабағы: тәжірибе мен мотивация» тақырыбында қалалық оқыту семинары өтті. Басқосу аясында жас мамандар заманауи педагогиканың негізгі қағидаларымен танысып, нақты әдістемелік ұсыныстар мен тәжірибелік бағыт-бағдар алды.
Семинардың мақсаты - жас педагогтердің сабақты жоспарлау тәжірибесін жетілдіру, педагогикалық тәжірибе алмасу алаңын қалыптастыру, кәсіби мотивация арқылы бейімделуге қолдау көрсету болып саналады. Бұдан бөлек, мұғалімдердің кәсіби мотивациясын арттыра отырып, олардың мектеп өміріне тез бейімделуіне, педагогикалық ортада өз орнын табуына ықпал ету
Іс-шараға қаламыздың 230-дан астам жас мұғалімі қатысып, бір-бірімен тәжірибе алмасуға мүмкіндік алды. Семинар барысында оқыту үдерісін тиімді жоспарлау, сабақ құрылымын жүйелеу, оқу мақсаттарын дұрыс қою мен нәтижеге бағытталған әдістерді қолдану жолдары кеңінен қарастырылды. Сонымен қатар, сыныппен оң қарым-қатынас орнату, оқушының жеке ерекшеліктерін ескере отырып жұмыс жүргізу, тәрбие мен оқытуда ынтымақтастық ортасын қалыптастыру мәселелері қозғалды. Жас мамандар кәсіби жолда кездесетін алғашқы қиындықтарды жеңу тәсілдерін талқылап, тәлімгерлерден нақты кеңестер алды. Бұған қоса, ұстаздың тұлғалық дамуы мен кәсіби мотивациясының маңызына ерекше назар аударылып, педагогикалық бағыттағы табысты мансап құру жолында мотивациялық қолдау көрсетілді.
Пән әдіскерлері тарапынан жас мұғалімдердің кәсіби шеберлігін арттыру мақсатында бірқатар шеберлік сағаттары, тренингтер мен оқыту семинарлары ұйымдастырылды. Бұл жұмыстар барысында пәндік-әдістемелік бағытта нақты практикалық кеңестер беріліп, тиімді сабақ жоспарлау, белсенді оқыту әдістерін қолдану, критериалды бағалау жүйесін дұрыс ұйымдастыру сынды маңызды тақырыптар қамтылды. Сондай-ақ, педагогикалық этика, сынып басқару стратегиялары, оқушылардың оқу мотивациясын арттыру жолдары бойынша тәжірибелік тапсырмалар орындалып, қатысушылар өзара ой бөлісіп, кері байланыс жүргізді. Мұндай жұмыстар жас мамандардың кәсіби дамуына оң ықпал етіп, олардың оқу-тәрбие үдерісін сапалы ұйымдастыруына үлкен септігін тигізді.
Қатысушылар семинардың кәсіби дамуға зор ықпал еткенін атап өтіп, тәжірибе алмасуға, ашық пікір алмасуға белсенді атсалысты.
Әдістемелік орталық алдағы уақытта да жас мамандарды қолдау мақсатында жүйелі түрде мазмұнды іс-шаралар өткізуді жалғастырады.