Педагогтардың кәсіби әлеуетін көтеретін байқау өтті

Авторы:

04.10.2025

Білім беру жүйесінде шығармашыл әрі жаңашыл педагогтерді қолдау мен олардың кәсіби тәжірибесін насихаттау мақсатында жыл сайын дәстүрлі түрде түрлі байқаулар ұйымдастырылып келеді. Солардың бірі,  «Педагогикалық идеялар панорамасы – 2025» республикалық байқауы – ұстаздар қауымының кәсіби шеберлігін танытатын маңызды алаң болып саналады.

«Педагогикалық идеялар панорамасы – 2025» республикалық байқауының биылғы өңірлік кезеңіне қатысушылар саны үш есе артты. Байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен 16 мыңнан астам педагог қатысты. Соның ішінде, Шымкент қаласынан 1120 педагог өз жұмыстарын ұсынды.

Бұл байқау педагогтердің заманауи әдіс-тәсілдерді қолдану арқылы білім сапасын арттырудағы озық тәжірибелерін кеңінен таратуға, сондай-ақ оқыту үдерісіне жаңашыл көзқараспен қарауға мүмкіндік береді.

«Педагогикалық идеялар панорамасы – 2025» республикалық байқауының өңірлік кезеңінің сараптамалық комиссия қорытындысына сәйкес,  жеті бағыт бойынша 816 жұмыс үздік деп танылды. Олардың арасында Шымкент қаласындағы 41 педагогтің жұмыстары өңірлік кезеңнен өтті.

Нәтижесінде  білім саласындағы озық идеялары мен шығармашылығымен үздік деп танылған барлық ұстаздарға электронды сертификаттар табысталды. Сондай-ақ сертификаттар жеке кабинеттерде қолжетімді болып, қатысушылардың электронды поштасына жолданды. Мұндай цифрлық жүйе қатысушыларға ыңғайлы әрі жедел түрде құжаттарды алу мүмкіндігін ұсынды. Сертификаттар ұстаздардың портфолиосын толықтырып, болашақ кәсіби жетістіктеріне серпін берері сөзсіз. Бұдан бөлек, байқауға қатысқан әрбір педагог өз кәсібіне деген жаңа шабыт пен сенім алып, білім берудегі тың тәсілдермен танысатыны белгілі.

Қатысушылар кәсіби өсу жолындағы әсерлерімен және байқаудан алған тәжірибелерімен бөлісті. Олар байқаудың маңыздылығын атап өтіп, ұстаздарға үнемі қолдау көрсетіп келе жатқан «Өрлеу» ұжымына ризашылығын білдірді. Сонымен қатар, мұндай шаралар педагогтердің шығармашылық әлеуетін арттырып, кәсіби шеберлігін шыңдауға үлкен мүмкіндік беретінін ерекше атап өтті. Байқау барысында қатысушылар жаңа идеялармен, заманауи әдіс-тәсілдермен танысып, өзара тәжірибе алмасу арқылы болашаққа деген сенімдерін нығайтты. Олар мұндай бастамалардың білім беру саласының дамуына оң ықпал ететінін айтты.

Келесі кезеңде қатысушылар өз идеяларын оқу үдерісінде қолдану тәжірибесін бейнеролик форматында көрсетуі тиіс. Ең үздік бейнероликтер «Өрлеу» орталығының YouTube-арнасына жарияланып, «Ең көп қаралған бейне» номинациясы бойынша қосымша марапатталады.

Айта кетейік, байқаудың өңірлік кезеңінде бірінші орынды иеленген ұстаздар енді республикалық кезеңге жолдама алды. Жеңімпаздар енді республикалық кезеңде өз өңірінің намысын қорғайтын болады.