Шәкірттердің көшбасшылық қасиеттері шыңдалды

Авторы:

03.10.2025

Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты Т.Тәжібаев атындағы 47 мектеп-гимназиясының «Мектеп Парламенті» өзін-өзі басқару ұйымының ұйымдастыруымен 5 қазан   Ұстаздар күніне орай «Дублер күні» өткізілді.

Дублер күнінің сабақтары өте қызықты әрі мазмұнды өтті. Сабақ барысында дублер-оқушылар өз білімдерін еркін көрсетіп қана қоймай, түрлі цифрлық ресурстар мен заманауи технологияларды тиімді қолдана білді. Әсіресе, білім беру платформалары мен жасанды интеллект (ЖИ) құралдарын пайдалану олардың шығармашылық қабілеттерін ашып, заманауи білім алуға деген ынталарын арттырды. ЖИ көмегімен ақпаратты талдау, тапсырмаларды автоматты түрде орындау, презентациялар дайындау және рефлексия жасау сияқты дағдылар дамытылды. Аталған тәжірибе оқушылардың сыни ойлауын, цифрлық сауаттылығын және көшбасшылық қабілеттерін шыңдауға зор ықпал етті. Мұндай шаралар оқушыларға мұғалім еңбегін тереңірек түсініп, болашақ мамандық туралы ойланып, өз мүмкіндіктерін бақылауға мүмкіндік береді. Осылайша бүгінгі күн керемет эмоциялар мен жаңа бастамаларға толы болды. Мерейлі жиын барысында  «Даналық ұстаздан» деп аталатын мектепішілік челлендж, мерекелік концерт, флешмобтар  ұйымдастырылды.

«Мектеп Парламенті» мен сынып көшбасшылары бірлесіп,  «Ұстаз – мектептің жүрегі», «Ұстаз – ұлы тұлға» тақырыптарында челлендж өткізуді де назардан тыс қалдырмады. Шара аясында оқушылар ұстаздарға деген алғыстары мен құрметтерін түрлі форматта жеткізді: бірі арнайы бейнеқұттықтаулар түсіріп, әлеуметтік желілерде бөліссе, енді бірі шығармашылық ашық хаттар мен стендтер әзірледі, сондай-ақ ұстаздарға арналған өлең шумақтарын оқып, музыкалық және театрландырылған қойылымдар ұсынды. Челлендж мектеп ішінде жылы атмосфера қалыптастырып, оқушылар мен мұғалімдер арасындағы байланысты нығайтты. Бұл бастама ұстаз еңбегіне деген терең құрмет пен ризашылықты білдірумен қатар, оқушылардың шығармашылық қабілетін, ұйымдастырушылық белсенділігін арттыруға ықпал жасады.

 «Мектеп Парламентінің» көшбасшылары жаңа жиһаздармен жабдықталған мұғалімдер бөлмесінің ашылу салтанатына қатысып белсенділік танытты. Жаңартылған мұғалімдер бөлмесі ұстаздардың жайлы жұмыс істеуіне және шығармашылықпен айналысуына арналған заманауи кеңістікке айналғандай.      

Іс-шара соңында «Үздік педагог-дублер» номинацияларына ие болған білім алушылар  мектеп әкімдігінің арнайы Алғыс хатымен марапатталды. Мұндай марапаттар шәкірттерге шабыт сыйлап, болашақта ұстаздық жолды таңдауға ынталандыра түсетіні анық.