Биыл Шымкентте оқулық тапшылығы туындамайды

Авторы:

07.08.2025

Бүгінгі таңда жас ұрпақты ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелеп, заман талабына сай біліммен қаруландыру маңызды  мәселе болып отыр. Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін білім беру мекемелерінің басты  міндеті – баланың бойындағы даралығын ашу, шығармашылық тұрғыдан терең ойлайтын, интеллектуалды әрі жан-жақты дамыған жеке тұлғаны қалыптастыруға үлес қосу.

Осы ретте мектеп оқушыларына оқулық жетіспесе, олардың оқуға деген ынтасы төмендейтіні белгілі. Осындай олқылықтың алдын алу үшін тиісті талаптарға сай, қыркүйек айынан бастап қаламыздағы мектептерде оқулықпен қамтылу мәселесі туындамауы тиіс.

Биыл Шымкентте оқулық тапшылығы туындамайды. Оқушыларды кітаппен қамту мәселесі жүз пайыз оң шешімін табады деп жоспарланып отыр. Бұл бойынша Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек Шымкент қаласы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен «Шымкент қаласындағы өзекті мәселелер» тақырыбындағы баспасөз конференциясында егжей-тегжейлі баяндады.

– Бүгінде Шымкент қаласындағы мемлекеттік мектептерде 207 мың оқушы білім алады. Осы орайда, 2025-2026 оқу жылына Шымкент қаласындағы білім беру мекемелерінен 554 286 дана оқулыққа сұраныс жинақталған болатын. Қазіргі таңда бюджеттен 2 млрд-тан астам қаражат бөлініп, оқулықтар сатып алынды.  Жалпы, бізде бекітілген оқулық жиынтығы 214 000 дананы құрайды. Оқулық қағаздары межелі уақыт аралығында тез тозатындықтан, есептен шығарылғандардың орнына 7 мың дана артық алдық. Алдағы уақытта мердігер мекемелермен келісім шартқа тұру арқылы оларды баспалардан жеткізу жүйесіне қатысты мәселе қарастырылып жатыр. Шымкент қаласының білім басқармасы басшылығына 15 тамыздан бастап 25 тамызға дейін  мектептерді оқулықпен толығымен қамту туралы нақты тапсырмалар жүктелді. Ал жеке меншік мектептерде аталған жұмыстар құрылтайшылар тарапынан жүзеге асырылады. Бүгінде Қазақстан Республикасының Мәжілісінде жекеменшік мектептерге оқулық бөлу мәселесі қаралу үстінде. Болашақта бұл мәселе мемлекет меншігінен міндеттелуі мүмкін.

Білім беру ұйымдарының өкілдері жыл сайын оқушы санына санақ жүргізіп отырады. Нәтижесінде әр сыныпта қанша баладан оқитыны нақтыланады. Сондай-ақ, бұл өз кезегінде, оқулықтарды алдағы жылдарға сақтап отыратын мектеп кітапханасы қорының жұмысын бақылауда ұстауға септігін тигізеді. Биыл сұраныс бойынша тапсырыстың артығымен түскені көңілге қуаныш ұялатады.