Жас ұрпақтың білім көкжиегін кеңейтуді көздейтін «Ақылдыммен ақылдымын» атты аудандық байқау Түркістан облысына қарасты аудандарда тұрақты түрде өткізіліп келеді. Бұл жолғы байқау облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының, балаларға арналған республикалық «Ақылдым» журналының редакторы Бейсенкүл Нарымбетованың бастамасымен және Түлкібас аудандық кітапханасының ұйымдастыруымен аудандық мәдениет үйінде өз жалғасын тапты.
Шараның шымылдығын Түлкібас аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Кенжебаева Қамар Мекембайқызы ашып, қатысушыларға сәттілік тілеп, ізгі ниетін білдірді. Сондай-ақ аталмыш журналдың редакторы, «Қызмет» газетінің директоры әрі «Серпіліс» қоғамдық қорының төрайымы Бейсенкүл Жақсыбекқызы жас өрендерге жүрекжарды лебізін жеткізіп, олардың шығармашылық шабытын шыңдауға тілектестігін білдірді.
Байқаудың басты мақсаты – жас оқырмандарды кітаппен және балалар баспасөзімен етене таныстыру арқылы олардың ой-өрісін кеңейту, тіл байлығын дамыту, шығармашылық қабілетін ұштау және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталды.
Аталмыш мақсат аясында «Ақылдыммен ақылдымын» облыстық байқауының Түлкібас ауданындағы іріктеу кезеңі жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Шәкірттер үш кезең бойынша өз бақтарын сынады. Атап айтқанда, оқушылар «Мен қандай адам боламын?» атты тақырыптарда шығарма жазса, «Баспасөзбен бірге өсіп келемін» айдарында қабырға газетін дайындады.
«Мен оқығанды жақсы көремін» айдарында сүйікті шығармаларын және өлеңдерін сахналап, өз өнерлерін көрсетті.
Байқауға республикалық «Ақылдым» журналының редакторы Бейсенкүл Нарымбетова,
Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының балалар бөлімінің кітапханашысы Балнұр Жетпісбай қазылық жасады.
Байқау қорытындысы бойынша Шұқырбұлақ ауылдық кітапханасының оқырманы Тынысбек Нұрай, бас жүлде иегері атанып, облыстық кезеңге жолдама алды. І орын – Жабағылы ауылдық кітапханасының оқырманы Жорабек Балымның, ІІ орын – Тастұмсық ауылдық кітапханасының оқырманы Рахматулла Санжардың, ІІІ орын – Шарафкент ауылдық кітапханасының оқырманы Турдукул Ақниеттің еншісіне бұйырды.
Барлық қатысушылар белсенділігі мен өнері үшін бағалы сыйлықтармен және алғыс хаттармен марапатталды.
Бұл байқау жас оқырмандардың кітапқа, баспасөзге деген белсенділігін одан әрі арттырып, олардың шығармашылық қабілетін жан-жақты жетілдіруге серпін сыйлары сөзсіз.