Мектептердің жаңа оқу жылына дайындығы пысықталды

Авторы:

08.08.2025

Енді санаулы күндерден соң жаңа оқу жылы басталады. Қоңыр күздің қыркүйегі келіп, оқушылар білім алу үшін ерекше екпінмен, асқақ армандармен алтын ұяларына асығады.

Бүгінде барша ата-ата балаларының оқу құралдарын түгендеу жұмыстарына қызу кірісіп кеткені белгілі. Шынында, білім бәсекесіндегі қабілеттілік алдымен бүгінгі кішкентай бүлдіршіндерден басталатыны айдан анық. Ал олар лайықты білім алып,  болашақ мақсаттарын айқындап алса, биік белестерді бағындырары сөзсіз. Сондықтан балалардың жайлы ортада алаңсыз білім алуы үшін Шымкент қалалық филиалының төрағасы Мұрат Жолдыхожаев бастаған жұмысшы топ жаңа оқу жылы қарсаңында бірқатар білім беру мекемелеріне барды.  Білім ошақтарының жай-күйін зерделеп, дайындығымен танысты.

Жұмысшы топ құрамында қалалық филиал атқарушы хатшысының орынбасары Ербол Байқонысов, Еңбекші аудандық филиал төрағасы Таймас Қамбатыров және Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы Гүлназ Сүлейменова болды.

Жұмысшы топ өкілдері тексеру барысында №141 және №60 жалпы орта мектептерінде зерделеу жұмыстарын жүргізді. Бұдан бөлек, білім ұжымдарының дайындық жұмыстарымен жан-жақты танысып, мектептегі балалардың қауіпсіздігі мәселесіне баса назар аударды.

Атап айтқанда, жедел көмек шақыру жүйесінің тиімділігі мен техникалық дайындығы сөз болды. Жұмысшы топ мүшелері мұндай жүйелердің оқу орындарында міндетті түрде жұмыс істеуі қажет екенін атап өтті.

– Жалпы өмірде түрлі оқыс оқиғаларды көріп, біліп жүрміз. Кейбір елдерде мектептерге шабуыл жасау оқиғалары тіркеліп жатады. Сондықтан алдын алу шараларын бейбіт күнде, тыныш уақытта дұрыс ұйымдастырып қойған жөн деп санаймыз. Бұл – балаларымыздың амандығы мен қоғам тыныштығы үшін маңызды, – деді Мұрат Жолдыхожаев. Себебі, бала қауіпсіздігі – баршамыз үшін қашан да басты міндеттердің бірі болып саналады. Бұл – келер ұрпақ, яғни болашақтың қамы десек те артық айтқандығымыз емес. Отбасынан бастау алатын тәрбие арқылы, мектеп, одан ары қарай қоғам өміріне етене араласатын балаларды қауіпсіз ортамен қамтамасыз ету – баршамыздың басты борышымыз.

Білім басқармасы мен жергілікті билік органдарының бірлесуімен білім ошақтарының жаңа оқу жылына дайындығын тексеру, зерделеу жұмыстары алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасын табатын болады.

Бұл жұмыстар шәкірттер үшін сапалы білім алуға қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Білім ордаларының дайындығын пысықтау – оқушылардың білім сапасын жаңа деңгейге көтеруге септігін тигізеді.