Жол қауіпсіздігін сақтау – әрбір азаматтың, соның ішінде балалардың өмірі мен денсаулығын қорғаудағы басты міндеттердің бірі. Әсіресе, мектеп жасындағы балалардың жолда жүру ережелерін дұрыс меңгеруі мен оларды күнделікті өмірде орнымен қолдана білуі – оқыс оқиғалардың алдын алуда маңызды рөл атқарады. Осы орайда, Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты «№138 жалпы орта білім беретін мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде «Абайлаңыз, балалар!» атты республикалық акция аясында іс-шара ұйымдастырылды.
Аталған акцияның мақсаты оқушыларды жолда жүру ережесімен таныстыра отырып, жол қауіпсіздігін есте сақтауға, жол ережесінің белгілерімен таныстыруға және бағдаршамның атқаратын қызметі қандай екенін үйретуге бағытталды.
Шара шеңберінде 1-4 сынып оқушыларына жолда жүру ережелері бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, олардың жолдағы қауіпсіз жүріс-тұрысы мен мәдениетін қалыптастыруға арналған тәрбиелік шаралар қолға алынды.
Сонымен қатар, Шымкент қаласы, Абай аудандық полиция басқармасының учаскелік полиция инспекторы, полиция майоры Алмасбек Момбаев оқушыларға көлік қозғалысын реттеу және көлік жүргізуші мен жаяу жүрушіге маңайдағы жол жағдайы жөнінде және көше мен жол бойына қойылатын арнайы белгілер бойынша бірқатар ақпараттар айтты.
Атап айтқанда, жаяу жүргіншілер аяқжолмен немесе жаяу жүгішілерге арналған жолдармен, ал олар болмаған жағдайда, жолды жағалай қозғалуы тиіс керектігін, тілге тиек етті. Елдімекендерден тыс жерлерде жаяу жүргіншілер көлік жүретін бөлігімен қозғалған кезде көлік құралдарының қозғалысына қарсы бағытта жүруі қажеттігін қаперлеріне салды. Бұдан бөлек, балалардың жол-көлік оқиғасының алдын алу бойынша машина жүретін жолда ойнауға, жүруге, көшенің қиылысындағы бағдаршамның қызылы жанғанда, көшенің кез келген жерінде жолдан өтуге, көлік жүретін көшені бойлап жүруге болмайтынын баяндады. Егер жолдан өтуге үлгермесе, орталық сызықта немесе «қауіпсіздік аялдамасында» бағдаршамның жасыл түсі жанғанға дейін күтуі, сонаң соң ғана жолдан өтуі керектігін оқушыларға жан-жақты түсіндірді. Егер жаяу жүргіншілерге арналған жол болмаса, жаяу жүргінші жолдың шетімен қозғалысқа қарсы жүруге тиісті екенін қатаң ескертті. Бұл түсіндірме жұмыстары оқушылардың жолда жүру ережелерін тереңірек түсінуіне ықпал етіп, олардың жеке қауіпсіздігіне деген жауапкершілігін арттыратыны анық.
Оқушылар үшін маңызды тәжірибе саналатын мұндай маңызды кездесулер олардың жол қауіпсіздігіне деген көзқарастарын қалыптастыруда үлкен рөл атқарады.