Бастауыш сынып – оқушылардың тілдік дағдылары қалыптасып, ауызша және жазбаша сөйлеу қабілеттері дамитын маңызды кезең. Осы кезеңде оқушылар тек мәтін оқып қана қоймай, оның мазмұнын түсініп, түрлі мәтін түрлерін ажыратуды да үйренуі керек. Солардың бірі – пайымдау мәтіні.
Пайымдау мәтінін меңгеру – оқушылардың ойлау, тұжырым жасау, дәлелдеу және өз пікірін нақты жеткізу қабілетін қалыптастыруға зор ықпал етеді. Мұндай мәтіндер арқылы оқушылар өз көзқарасын білдіріп, қоршаған ортадағы құбылыстар мен оқиғаларға қатысты жеке пікір қалыптастыра бастайды. Сондықтан да пайымдау мәтінін дұрыс түсіну мен оны басқа мәтін түрлерінен ажырата алу – тілдік білімнің маңызды бөлігі саналады.
Осы ретте, Шымкент қаласы, Циолковский атындағы №84 жалпы орта білім беретін мектебінің 4 «Ә» сыныбында қазақ тілі пәнінен «Пайымдау мәтінінің мазмұндық және құрылымдық ерекшеліктері» тақырыбында танымды да қызықты ашық сабақ өтті.
Аталған ашық сабақтың мақсаты – бастауыш сынып оқушыларының пайымдау мәтінінің ерекшеліктерін танып, оны басқа мәтін түрлерінен ажырата білуіне, сондай-ақ өз ойын жүйелі түрде жеткізе отырып, пайымдау мәтінін өз бетінше құрастырып жаза алу дағдыларын дамытуға бағытталды.
Ашық сабақ аясында бастауыш сынып мұғалімі Ләззат Алимбетова оқушыларға негізгі ой мен дәлелдерді анықтауға үйрете отырып, түрлі жаттығулар мен тапсырмалар арқылы олардың сыни ойлау қабілетін жетілдірді.
Сабақтың айрықша сәттерін атап айтар болсақ, оқушылар алдымен «Неліктен?» деген сұраққа жауап беру арқылы пайымдаудың маңыздылығын түсінді. Бұл сәт оқушылардың ойлау қабілетін одан әрі дамытып, өз пікірін дәлелмен жеткізуге ынталандырды. Нәтижесінде, олар пайымдау мәтінінің басты ерекшелігі – ой айту және оны нақты дәлелдермен негіздеу екенін тәжірибе арқылы түсінді. Ал пайымдау мәтінінің құрылымы – пікір, дәлел және қорытынды екенін ұғынып, оны дұрыс қолдануды үйренді.
Сондай-ақ сабақта жұптық, топтық және жеке жұмыстар тиімді ұйымдастырылып, оқушылардың белсенділігі мен ауызбіршілігі арттырылды. Бұл әдістер арқылы әрбір оқушы өз ойымен бөлісіп, ортақ пікір қалыптастыруға мүмкіндік алды. Әсіресе «Сенбілік» әдісі арқылы пайымдау мәтінінің бөліктерін құрастыру кезінде қатысушылар арасындағы өзара түсіністік нығайды. Бұдан бөлек, саралау тапсырмасында (А, В, С деңгейлері) әрбір оқушы өз қабілетіне сәйкес пайымдау мәтінін құрастырып, ойларын нақты әрі дәлелді түрде жеткізе білді. Осы тәсіл оқушылардың жеке ерекшеліктерін ескере отырып, олардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға және сыни ойлау дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік жасады.
Сабақ соңында оқушылар «Білім сандығы» әдісі бойынша кері байланыс орнатып, сабақты түсінгендерін жеткізді.
Оқушылардың белсенділігі мен тақырыпқа қызығушылығы жоғары деңгейде болды. Осылайша, сабақтың мақсаты толық жүзеге асты.