Кейінгі кездері газет-журнал, кітап оқитын қауымның қатарын қалыңдату түйткілді тақырыпқа айналып отыр.
Анығын айтқанда, әсіресе, бүгінгі жас буынның басым бөлігі әлеуметтік желінің «желкеніне» жармасып алған. Ал оның арасында мектеп жасындағы оқушылар да табылары анық. Тіпті әрбір үйдің буыны әлі бекімеген бүлдіршіндері әлеуметтік желідегі әртүрлі ойындарға әбден әуестенген.
Бүгінгі жастар – біздің болашағымыз. Ендеше олардың ауыл, аудандық кітапханаларда өздеріне керекті газет-журнал, кітаптарды алып оқуына бағыттау - бүгінгі аға буынның еншісінде. Бұл ретте, телефонның орнын «Ақылдым» балалар журналына айырбастаудың маңызы орасан.
Дәл осы балалардың баспасөзбен берік байланыс орнату тақырыбы Төлеби аудандық балалар кітапханасында ұйымдастырылған «Ақылдыммен ақылдымын» байқауында сахналық қойылыммен жарқын көрініс тапты.
Түркістан облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен, облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының бастамасымен және «Қызмет» ЖШС газетінің директоры, балаларға арналған республикалық «Ақылдым» журналының редакторы, журналист Бейсенкүл Жақсыбекқызының ұйымдастыруымен Төлеби аудандық Мәдениет үйінде «Ақылдыммен ақылдымын» аудандық байқауы өтті.
Байқауда алғаш сөз тізгінін алған Төлеби аудандық мәдениет, спорт және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Әуесбек Жақсыбекұлы мен «Аманат» партиясы Төлеби аудандық филиалының атқарушы хатшысы Шырынбек Оңғаров қатысушыларға сәттілік тілеп, жүрекжарды лебіздерін жеткізді.
Байқаудың басты мақсаты – жас оқырмандарды кітап пен балалар баспасөзімен тереңірек таныстыру арқылы олардың білім көкжиегін кеңейту, тіл байлығын арттыру, шығармашылық қабілетін шыңдау және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталды.
Оқырмандар өзара үш кезең бойынша сынға түсті. Анығын айтқанда,
«Мен қандай адам боламын?» тақырыбында шығарма жазса, «Баспасөзбен бірге өсіп келемін» айдарында қабырға газетін әзірледі. Ал «Мен оқығанды жақсы көремін» айдарында сүйікті шығармалары мен өлеңдерін сахналап, өнерлерін көрсетті.
Балалардың білім көкжиегін кеңейтуді көздейтін байқауда республикалық «Қызмет» газетінің бас редакторы Мақпал Ибраева, «Қызмет» газетінің журналисі Әлия Әуесбекова және Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының балалар бөлімінің кітапханашысы Балнұр Зейнұрқызы қазылық жасады.
Байқау қорытындысы бойынша оқ бойы оза шыққан жеңімпаздар анықталды.
Нәтижесінде Жаңажол ауылдық кітапханасының оқырманы Інжу Беглан бас жүлде иеленіп, облыстық кезеңге жолдама алды.
Ал Әңгірата ауылдық кітапханасының оқырманы Еркежан Раймбек – I орын, аудандық балалар кітапханасының оқырманы Совитхан Көркем ІІ орын және Аққұм ауылдық кітапханасының оқырманы Ерлік Жүнісәлі – ІІІ орын алды.
Барлық қатысушылар белсенділігі мен өнері үшін бағалы сыйлықтармен және алғыс хаттармен марапатталды.
Бұл байқау жас оқырмандардың кітап пен баспасөзге деген қызығушылығын арттырып, олардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға, ой-өрісін жетілдіруге және рухани өсуіне зор серпін сыйлары сөзсіз.