Жастар дара тұлғаның өшпес мұрасымен танысты

Авторы:

15.10.2025

Шымкент қаласында қазақтың біртуар перзенті, аса көрнекті импровизатор-ақын, әнші, сазгер әрі актёр Иса Байзақовтың туғанына 125 жыл толуына арналған «Иса Байзақовтың ақындық поэтикасы» атты әдеби талқылау кеші ұйымдастырылды.

Аталған іс-шараға М. Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясы мен Шымкент көлік колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы Сейдирова Шолпан, кітапхана меңгерушісі Қаракөз Жакипова студенттерімен бірге, №6 Ж. Баласағұн атындағы мектептің ұстазы Ешмахова Айгүл шәкірттерімен, Саз колледжінің студенттері және Қаратау дәстүрлі өнер мектебінің оқушылары қатысты.

Әдеби кешке қатысушылар қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Иса Байзақовтың шығармашылық мұрасы мен ақындық поэтикасына жан-жақты талдау жасап, оның ұлттық руханияттағы, өнер мен мәдениеттегі айрықша орнын атап өтті.

Рухани шара аясында ақын мұрасының мән-маңызын ашып, тыңдаушыларға мазмұнды мағлұматтар берген қонақтардың қатарында №6 Ж. Баласағұн атындағы мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ешмахова Айгүл мен дарынды шәкірті Орынтай Аружан болды. Олар өз сөздерінде ақынның шығармаларындағы ұлттық құндылықтар мен көркемдік ерекшеліктерге ерекше тоқталып, жастарды Иса Байзақов сияқты дарынды тұлғалардың мұрасын танып-білуге шақырды.

Иса Байзақов – болмысы бөлек, бірнеше өнерді бойына жинаған, сал-серілік дәстүрдің жалғастырушысы. Оның ақындық стиліне тән желдірме формасы – қуаныш пен шабытты, еркіндікті паш ететін ұлттық ерекшелік. Бұл сарын «Желдірме» әні арқылы да көрініс тапты. Ү. Батырхан, С. Ұлан, Б. Нұрдаулет, Ж. Байбатыр сынды Саз колледжінің студенттері аталмыш туындыны нақышына келтіре орындады.

Ж. Баласағұн мектебінің оқушылары ақын өлеңдерін мәнерлеп оқыса, кітапхана қызметкерлері оның поэмаларына әдеби талдау жасады. Қаратау дәстүрлі өнер мектебінің шәкірттері Абеков Алмат пен Әбілда Марғұлан халық күйлерін тарту етті. Сонымен қатар, «Сәйгүлік» рухты әнін «Болашақ» мектебінің оқушысы Б. Серікбай әсерлі орындап, көрермен құрметіне бөленді.

Кеш барысында Иса Байзақовтың өршіл рухтағы жырлары мен сырлы әндері шырқалып, оның рухани мұрасы жан-жақты сараланды. Іс-шара соңында өнерпаз оқушыларға марапаттар табысталды.

Бұл әдеби кеш ұлт руханиятының мәйегіне айналған дара тұлғаның шығармашылығын кеңінен насихаттап, жас ұрпаққа рухани бағыт-бағдар берген тағылымды бастама болды.