Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі әрі қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында қаладағы маңызды мәселелер мен мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысы бойынша брифинг өткізді. Спикер өз сөзінде қаладағы жұмыспен қамту, кәсіпкерлерге қолдау таныту және төтенше жағдайда жүргізілген жұмыстарды баяндады. Ресми өкіл алдымен азаматтарға қайтарымсыз гранттың төлену тәртібін егжей-тегжейлі түсіндірді.
Оның айтуынша, биыл 20 қазаннан бастап 3 қарашаға дейін шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында Business.enbek.kz порталы арқылы жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыруға бағытталған қайтарымсыз гранттарға өтінім қабылданады. Бұл «Ашық бизнес» жобасы аясындағы үшінші кезең. Биыл Шымкент қаласында 93 азаматқа 400 АЕК көлемінде грант беру жоспарлануда. Грант жаңа бизнесті бастауға немесе қолданыстағы кәсіпті дамытуға бағытталады және бұл тек бір рет, қайтарымсыз негізде ұсынылады. Бағдарламаға жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар мен жеке кәсіпкер ретінде тіркелу мерзімі үш жылдан аспайтын тұлғалардың қатысу мүмкіндігі бар. Бұдан бөлек, үміткерлер мүгедектігі бар адамдар, көпбалалы немесе аз қамтылған отбасы мүшелері, «қандас» мәртебесі барлар, мүгедек баланы тәрбиелеп отырған ата-аналар, асыраушысынан айырылғандар және өңіраралық қоныс аударушылар секілді әлеуметтік санаттардың біріне жатуы қажет. Сонымен қатар, грант алуға ниетті үміткердің соңғы үш жыл көлемінде «Бастау Бизнес» жобасымен кәсіпкерлік негіздерінен оқығанын растайтын сертификаты болуы қажет. Өтінім электронды түрде беріледі. Ал интернетсіз азаматтар Мансап орталықтарында немесе ХҚКО-дағы өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарында өтініш бере алады.
Сәрсен Абайұлының айтуынша, аталған қаржы мұқтаждық мақсатына қарай, тек құрал-жабдық, мал, тұқым, көшет сатып алу немесе жалға алу шығындарын өтеу үшін жұмсалатын сыңайлы. Ал несие төлеу, тұрғын үй немесе жер сатып алу және акцизделетін өнім өндіру мақсатында грант қаражатын қолдануға тыйым салынады. Себебі грант иегерлерін арнайы комиссия іріктейді. Қатысушы үміткер өз жобасын комиссия алдында қорғайды. Өз жұмыстарын бағалау бизнес-идеяның бәсекеге қабілеттігіне, өткізу нарығының нақтылығына, қаржылық өміршеңдігіне және жаңа жұмыс орындарын ашу әлеуеті аясында іске асырады. Жобалар қолдау тапқан жағдайда тізімі порталдағы жеке кабинет арқылы хабарланады.
Брифинг барысында Сәрсен Құранбек шаһарда орын алған төтенше жағдайға да тоқталды. Оның сөзінше, 8 қазан күні Төлеметов пен Бәйтереков көшелерінің қиылысында жүк көлігінің артқы борты ашылып кетіп, 12 тонна нефтешлам жүктің 4 тоннасы жолға төгілген. PetroKazakhstan ЖШС-не тиесілі көлік Шымкенттен Қызылорда қаласына бағыт алған. Оқиға орнына Шымкент қаласы Қаратау аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы мен «Ұлттық сараптама орталығының» мамандары барып, қажетті сынамалар алған. Жүргізілген сараптама жұмыстары нәтижесінде ауа құрамында шекті жол берілетін концентрациядан асу дерегі анықталмаған. Жолға төгілген мұнай қалдықтарын тазалау жұмыстары жедел қолға алынып, жол үстіне екі КамАЗ құм төгіліпті.
Сондай-ақ ресми өкіл жастарды жұмыспен қамту мәселесін де тілге тиек етті. Сөзіне сүйенсек, биыл «Жастар практикасы» бағдарламасы аясында қалада 251 жасты жұмыспен қамту жоспарланған. Бүгінде 1 643 жас маманға жолдама беріліп, олар түрлі мекемелер мен ұйымдарда тәжірибеден өтуде. Сонымен қатар, 346 жас азамат «Алғашқы жұмыс орны» жобасы арқылы 346 жас тұрақты жұмыспен қамтылыпты. Мемлекет тарапынан үлкен қолдау тапқан бұл жобалар жастарды еңбек нарығына бейімдеуге бағыттайды. Ендеше Enbek.kz порталы арқылы жұмыссыз ретінде тіркелген әрбір жас аудандық Мансап орталықтарына барып, өз мүмкіндігін пайдалана алады», - деді Сәрсен Абайұлы.
Баспасөз мәслихатында мегаполистегі басым бағыттардың бірі - тұрғындардың қауіпсіздігі мен қаланың экологиялық ахуалын жақсартуда атқарылып жатқан жұмыстар баяндалды. Спикердің сөзінше, азаматтарды табиғи газдан улану деректерінің алдын алу мақсатында Шымкент қалалық прокуратурасымен бірлескен жұмыс алгоритмі жасалып, нақты іс-қимыл жоспары бекітілген. Тиісті мекеме мамандары тұрғындарға газ құрал-жабдықтарын қолданудағы қауіпсіздік қағидаларын түсіндіріп, арнайы жадынамалар да таратуда. Тексеру жұмыстарының барысында үйішілік газ жүйелерінің талапқа сай келмеу фактілері жиі анықталған. Осыған байланысты QAZAQGAZ AIMAQ Шымкент филиалына 2025 абонент бойынша тиісті шара көру үшін мәлімет жолданыпты. Қазіргі уақытта 230 үйдің газ жабдығы уақытша ажыратылып, қалған 1 795 үйде ақауларды жою жұмыстары жалғасып жатыр, Алайда адам өміріне тікелей қауіп төндіретін жағдайлар жыл басынан бері жиі тіркелген. Тексеру нәтижесінде 810 абоненттің газ жабдығында ақау анықталып, уақытша газдан ажыратылған. Кейіннен кемшіліктер жойылғаннан соң қайта қосылыпты. Тіпті газ тұтыну ережелерін сақтамағандарға қатысты әкімшілік жауапкершіліктер де қарастырылған.
Бұдан соң Сәрсен Құранбек қаланың экологиялық және эстетикалық ажарын арттыруға арналған ауқымды жобаларды да айтты. Оның сөзінше, Шымкент қаласының Абай ауданында ескі қоқыс полигонының орнында «Экопарк» салу жұмыстары жүріп жатыр. Жоба аясында «Дани нан» компаниясының қолдауымен саябақ аумағына биіктігі 3-7 метр аралығындағы 5000 ағаш көшеті отырғызылмақ. Сондай-ақ 13 гектар жерге BI GROUP есебінен 9 дана су ұңғымасы қазылып, автоматты суару жүйесі орнатылады. Ал 1 800 жеміс ағашы мен 1 215 шаршы метр сәндік өсімдіктер DALA FRUIT ЖШС демеушілігі есебінен егілмек, сонымен қатар 8 гектар аумаққа тамшылатып суару жүйесі енгізіледі.
Бұдан бөлек, қаладағы негізгі көшелер мен саябақтарда 22 мыңнан астам көпжылдық гүл түрлері егіліп жатыр. Биыл демеушілердің қолдауымен жалпы аумағы 1 гектарды құрайтын жылыжай іске қосылып, онда гүл көшеттерін өсіру жұмыстары басталған.
Қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамту, қоғамдық көлік қызметінің сапасын арттыру мақсатында жүргізіліп жатқан жұмыстар да жалғасып жатыр. Осылай мәлімдеген қала әкімінің орынбасары соңғы уақытта әлеуметтік желілерде №52 бағыттағы қоғамдық көлікке қатысты шағымдар жиі түсіп жатқанын жеткізді. Әсіресе, лық толы автобусқа оқушылардың сыймай қалған сәті түсірілген бейнежазба қоғамда қызу талқыланады екен. Бұл бағыттағы қозғалыс жүйесі бойынша жұмыс күндері 18 автобус 10-15 минуттық жиілікпен, ал демалыс және мереке күндері 16 автобус 15-20 минуттық аралықпен қызмет көрсетеді. Тұрғындар тарапынан түскен өтініштер мен шағымдарға байланысты №52 бағыттың қозғалыс сызбасы қайта қаралып, соңғы аялдама Т.Айбергенов көшесіне дейін ұзартылған. Бұған дейін маршрут айналмалы жүйемен «ЦУМ» аялдамасына дейін ғана жүріп, жолаушылар келесі автобусқа ауысуға мәжбүр еді.
«Кейінгі кездері қаладағы қоғамдық көлік мәселесі, әсіресе №52 бағыттағы автобустардың қозғалысына қатысты шағымдар мен пікірлер әлеуметтік желілерде жиі көтеріліп жүр. Бұл тұрғындардың қала өміріне бейжай қарамайтынын, белсенділігін көрсетеді. Әрине, әрбірінің әкімдікке келіп, мәселені тікелей жеткізуі дұрыс. Алайда, мұндай мәселелерді көтерген сәтте өзара сыйластық пен қоғамдық тәртіпті сақтау да маңызды. Әкімдік – күллі қаланың мүддесін қорғауға арналған ашық орта, сол себепті әр пікірдің де мәдениетті, негізді және шешімге бағытталғаны абзал», деді қала әкімінің орынбасары.
Осылай баяндаған ол оқушыларға қатысты көлікте орын тапшылығы туындауының тағы бір себебін түсіндірді. «Бұл бағыттың ұзындығы 61 шақырымды құрайды. Бір айналымда бар болғаны 60 адам ғана тіркелгені анықталып отыр. Бұл көрсеткіш бағыттағы автобустар санын арттыруға кедергі келтіреді, себебі нақты жолаушылар ағыны валидатор арқылы тіркелмеген. Мәселенің мәнісі оқушылардың жол жүру картасын рәсімдемеуі немесе қолындағы картаны валидаторға тигізбеуінен туындауы мүмкін. Шаһарда шамамен 270 мыңнан астам шәкірт болса, бірақ олардың небәрі 30 мыңында ғана жол жүру картасы бар. Бұл аса аз көрсеткіш. Ал автобустар санын көбейту немесе қосымша рейстер енгізу үшін нақты транзакциялық деректер керек. Тиісті мағлұмат болмаған жағдайда заңнамада жаңа көлік бағыттарын қосуға мүмкіндік шектеулі», - дейді ол. Осыған орай, қала әкімдігі мен білім басқармасы мектептерге арнайы тапсырма беріп отыр. Оқушылардың әрқайсысының жол жүру картасы ресімделіп, бұдан кейін қоғамдық көлікке мінген сайын валидатор арқылы тіркелуі керек. Бұл – есептің дұрыстығын әрі қоғамдық көлік қозғалысының тиімділігін арттырудың бірден-бір жолы. Оқушыларға арналған картаны алу процесі мейлінше жеңіл. Ол үшін арнайы орталықтарға барудың қажеті жоқ. jenil.avtobys.kz сайты арқылы өтінім беріп, виртуалды карта түрінде ұялы телефонға енгізуге болады екен. Бұл картаның физикалық нұсқасы талап етілмейді, тек транзакция QR код арқылы онлайн жасалатын көрінеді.
Сонымен қатар, ресми өкіл әдеттегідей апта аралығында тіркелген қылмыстық статистиканы баяндады. Қалада өткен аптада 176 қылмыстық іс тіркеліп, соның төртеуі сотқа жолданды. Ең жиі кездесетін қылмыстардың сипаты тағы да алаяқтық, ұрлық, есірткі айналымына қатысты және жол-көлік оқиғаларына байланысты істерге тиесілі болып отыр.
Брифинг соңында Сарсен Абайұлы баспасөз өкілдерінің сауалдарына жауап берді.