Жас мұғалімдерге жаңа мүмкіндіктер беретін «BilimQadam-2025» жәрмеңкесі өтті

Авторы:

13.08.2025

Шымкент қаласының Көрме орталығында жас мамандарды жұмыспен қамтуға арналған  «BilimQadam-2025» бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті.

Аталған шара Шымкент қалалық Білім басқармасы мен Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының бастамасымен қолға алынды.

Шараның басты мақсаты – педагогикалық жоғары оқу орындары мен колледж түлектерін білім беру ұйымдарының басшыларымен тікелей байланыстыратын тиімді алаң құру, жас мамандарды жұмысқа орналастыруға ықпал жасау, педагог лауазымдарына орналастыру бойынша конкурс тәртібі туралы ақпарат беру және «Педагогты жұмысқа қабылдау» модуліне тіркелу бойынша кеңес беру қызметін ұсынуға бағытталған.

Білім басқосуында сөз алған Шымкент қалалық Білім басқармасының басшысы Гүлназ Сүлейменова бүгінгі «BilimQadam-2025» алаңы жас мамандардың болашағына жол ашып, білім беру жүйесіне жаңа серпін беретінін жеткізді.

 - «BilimQadam-2025» жәрмеңкесі жас түлектердің келешекте кәсіби маман ретінде қадам басуына мүмкіндік беру мақсатында ұйымдастырылып отыр. Өздеріңізге белгілі, бұл бойынша халықты құлақтандыру ақпараттары Шымкент қалалық әкімдігінен бастап бірқатар мекемелердің әлеуметтік желідегі парақшаларында жарияланды. Бүгінде Шымкент қаласына қарасты білім беру ұйымдарында 300 бос жұмыс орны, бұдан бөлек, қаламызда екі үлкен білім үйі бар. Арнайы бекітілген штаттық кестеге сәйкес, бұл мектептерде мұғалімдерден бөлек, кіші қызметкерлердің тапшылығы байқалады. Сондықтан арнайы мамандар бүгінгі білім алаңы арқылы бос жұмыс орындары бар білім ұяларына құжаттарды қалай жүктеу қажеттігі жайлы түлектерге ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізеді, - деді ол.

Жәрмеңкеге жиналған жас мамандар НОБД HR жүйесінде жұмыс істеу жөніндегі нұсқаулықпен толығырақ танысып, қажет болатын пайдалы ақпараттар мен жадынамаларға қол жеткізді. Аталған бағдарлама аясында педагогикалық білімі бар университет және колледж түлектеріне әртүрлі пәндер бойынша мектеп, балабақша және қосымша білім беру ұйымдарының өкілдері бос орындар ұсынды.

Сондай-ақ олардың өз мамандықтарына сай жұмысқа орналасуы бойынша әңгімелесу жұмыстарын жүргізді. Бұдан бөлек, білім гранттары мен  сұранысқа ие мамандықтар туралы кеңінен ақпараттар берді. Ал GPA 3,33 және одан жоғары немесе сертификаттаудан өткен түлектердің конкурссыз жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болатыны айтылды.