Білікті басшы, тәжірибелі ұстаз

Авторы:

11.08.2025

«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамы «Шымкент қаласы бойынша кәсіби даму институты» филиалының директоры Меруерт Медетбекова – өз ісіне адал, тәжірибесі мол, білікті басшы, әрі шынайы еңбек адамы. Жылдар бойы білім беру саласында еңбек етіп, бүгінде педагогтердің кәсіби дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген жан. Ұстаздар қауымына бағыт-бағдар беріп, білім сапасын арттыруда тың жобалар мен жаңашыл бастамаларға ұйытқы болып жүргені тағы бар.

Еліміз тәуелсіздік енді алған жылдары Меруерт Асқарбекқызы М.Әуезов атындағы Шымкент педагогикалық институтын «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша жоғары деңгейде дипломын алып, еңбек жолын сол кездегі Шымкент облысының ауылдық орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі ретінде бастайды. Кейін Шымкент қаласының орта мектебінде жұмыс істеді. 2001 жылдан бастап Х.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті және М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеттерінің қазақ тілі кафедраларында аға оқытушы, ғылым кандидаты, ғалым-хатшы лауазымдарын абыроймен атқарды. Сондай-ақ, А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі академиясының аспирантурасын тәмамдап, кандидаттық диссертациясын қорғап, филология ғылымдарының кандидаты дәрежесін иеленген. Шамамен 100 ғылыми мақала мен 6 әдістемелік құралдың авторы. Сонымен қатар «Өрлеу» БАҰО АҚ Оңтүстік Қазақстан облысы филиалындағы педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтында «Менеджмент және басқару» кафедрасының меңгерушісі, Шымкент қаласы Білім басқармасының Әдістемелік орталығының басшысы, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Тәрбие және қосымша білім беру» департаментінің директоры қызметтерін тізгіндеді. Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Адал азамат»  біртұтас тәрбие бағдарламасын әзірлеуге белсене қатысып, білім беру ұйымдарында оның сәтті жүзеге асырылуын қамтамасыз етті. Білім беру саласындағы елеулі жетістіктері мен жоғары кәсіби еңбегі үшін мемлекеттік және ведомстволық марапаттармен бірнеше рет марапатталған жан. ҚР  Президентінің Алғыс хаты мен «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері.

– Біздің мақсатымыз – еліміздегі педагогтердің кәсіби құзіреттілігін арттыру. Сол мақсатта заманауи білім беру талаптарына сай курстар, семинар-тренингтер ұйымдастырамыз. Жаңартылған білім мазмұны бойынша оқыту, педагогикалық процесті жетілдіруге бағытталған жобалар жасау да біздің міндетімізге кіреді. Біліктілікті арттыру мақсатында педагогикалық тәжірибе алмасуға да жағдай жасаймыз.

Сонымен қатар, жекеменшік мектептерден де әртүрлі бағыттағы курстарға сұраныстар түсіп жатады. Мәселен, тәрбие жұмысы, қосымша білім беру, заманауи оқыту әдістері сынды өзекті тақырыптар бойынша оқытуға сұраныстар артуда. Мұғалімдер үш жылда бір рет өтетін міндетті курсты ғана күтіп отырмай, қосымша тақырыптарда да өз біліктілігін арттыруға ниетті. Сондықтан біз тек курстармен шектелмей, семинарлар, тренингтер, қысқа мерзімді оқыту бағдарламалары сияқты түрлі форматтағы шараларды да педагогтердің сұранысына қарай ұйымдастырамыз, – дейді Меруерт Медетбекова.