Білім беру жүйесінде сапалы білім мен тиімді басқаруды қамтамасыз ету – еліміздің басты басымдықтарының бірі. Осы бағытта педагогикалық қауымдастықтың кәсіби дамуын қолдау және мектеп басшыларының көшбасшылық әлеуетін арттыру мақсатында Шымкент қаласында мектеп директорлары мен олардың орынбасарларына арналған «Көшбасшы мектеп: сапалы білімге бастайтын басқару мен адами капитал» тақырыбындағы семинар өтті.
Семинардың негізгі мақсаты – мектеп басшыларының басқарушылық құзыреттілігін, көшбасшылық дағдыларын және сапа мәдениетін дамыту арқылы білім сапасын арттырудың тиімді стратегияларын айқындауға бағытталды.
Іс-шара барысында қатысушылар қазіргі білім беру үрдістеріндегі басқарудың заманауи тәсілдері мен стильдерімен, өзгерістерді басқару модельдерімен танысты. Адами капиталды дамыту тетіктерімен және мектепті стратегиялық тұрғыда басқарудың тиімді тәжірибелерімен бөлісіп, soft-skills, meta-skills, digital-skills бағыттарында өзін-өзі талдау жүргізді. Сонымен қатар, HR-менеджментті жетілдіру мен мектептегі сапа мәдениетін қалыптастыру жолдары қарастырылды.
Ал Action Research тәсілі негізінде мектеп тәжірибесіне бағытталған басқару шешімдерін жобалау дағдылары дамытылды. Қатысушылар зерттеу арқылы басқарудың тиімді жолдарын анықтады. Олар осы арқылы өз мектептеріндегі қиындықтарды жүйелі түрде талдап, нәтижеге бағытталған шешімдер қабылдауға дағдыланды. Бұл тәжірибе мектеп басшыларына деректерге сүйенген шешім қабылдауды және ұжымдық кәсіби дамуды жүйелі түрде жүзеге асыруға мүмкіндік берді.
Семинардың тәжірибелік бөлімінде қатысушылар өздерінің басқарушылық тәжірибесін саралап, даму басымдықтарын айқындады. Осы жұмыстардың нәтижесінде әр басшы жеке кәсіби өсу бағытын белгілеп, көшбасшылық әлеуетін жетілдіруге бағытталған нақты мақсаттар мен әрекеттер жоспарын құрды.
Бұл семинар білім беру ұйымдарын сапалы өзгерістерге жетелейтін жаңа басқарушылық көзқарастардың алаңына айналды. Семинар нәтижесінде қатысушылар өз ұйымдарында жаңашыл идеяларды енгізуге және білім сапасын арттыруға деген жаңа серпін алды.
Семинар соңында қатысушылар өз мектептерінде инновациялық тәсілдерді енгізуге, педагогикалық ұжымды қолдауға және көшбасшылық мәдениетті дамытуға бағытталған нақты іс-қимыл жоспарын айқындады.