«Өрлеу» БАҰО АҚ-ның «Шымкент қаласы бойынша кәсіби даму институты» филиалы әу баста мұғалімдердің білімін жетілдіру институты ретінде құрылған. Биыл бұл орталықтың құрылғанына 80 жыл толып отыр. Содан бері бұл мекеме мұғалімдердің біліктілігін арттыратын басты оқу ордасына, олардың кәсіби өсуіне жол ашатын іргелі институтқа айналды.
Орталық басшысы Меруерт Медетбекованың айтуынша, биыл Оқу-ағарту министрлігінің тапсырмасымен басқарма тарапынан жүзеге асып жатқан жоба көп. Соның бірі – жас мамандардың кадрлік резерві.
– Еліміздің төрт өңіріндегі педагогтерді даярлайтын оқу орындарын үздік бітірген түлектер тесттен өткізіледі. Қазір бізде тесттен жоғары балл алғандардың тізімі дайын тұр. Олар «Келешек мектептеріне» кадр ретінде жұмысқа орналасатын болады. Биыл бұл жоба апробация ретінде енгізілді. Енді аталған жоба бірте-бірте қолға алынып, келешекте толыққанды іске асады деп отырмыз.
Одан кейін «Ұстаз» платформасын іске асырып жатырмыз. Бұл платформаның ерекшелігі – мұғалімдердің атқарған жұмыстары осында көрініп тұрады. Ол үшін мұғалім ЭЦҚ арқылы платформаға тіркеліп, жеке кабинет ашады. Сөйтіп сол жерге өзінің жетістіктерін, біліктілігін айғақтайтын құжаттардың электронды нұсқасын салып қояды. Қандай семинар-тренингке қатысты, қандай біліктілік курсынан өтті, қандай конференцияда баяндама оқыды, оқушылары қандай жетістікке жетті – барлығын тіркеп отырады. Соның бәріне автоматты түрде қалалық, республикалық деңгейдегі марапаттар беріліп отырады. Бұл ақпараттар деректер базасында көрініп тұратын болады. Яғни, мұнда мұғалім марапаттың артынан жүгірмейді, жасаған еңбегіне қарай марапат мұғалімге өзі келеді. Түпкі мәні осы. Бұл республикадағы барлық білім беру мекемелерінің ұстаздарына қатысты.
Одан бөлек Түркістан, Жамбыл, Қызылорда облысы мен Шымкент қаласы бірігіп, шебер, зерттеуші педагогтердің тәжірибелерін ортаға тастау арқылы тәжірибе алмасу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Сондай-ақ, бізде жыл сайын «Педагогикалық идеялар фестивалі» өтеді. Фестивальдің мақсаты – педагогтердің шығармашылық және кәсіби өсуін ынталандыру, тәрбиешілер мен мұғалімдердің инновациялық тәжірибесін зерделеу және тарату. Әр педагог өзінің жобасын қорғау барысында шеберліктерін көрсете отырып, тың педагогикалық идеяларын ұсынады. Былтыр оған республика бойынша бес мың педагог қатысса, биыл он мыңнан асады деп күтілуде. Бұл жобалардың барлығы – педагогтер үшін жақсы мүмкіндік, ұстаздардың біліктілігінің артуына септігін тигізеді. Қазір заман барған сайын дамып жатыр. Біз, әсіресе, ұстаздар уақыт көшінен қалып қоймауымыз керек, – дейді ол.