Позитивті ата-ана – бақытты баланың негізі

Авторы:

14.10.2025

Бүгінгі қоғамда отбасының рөлі мен ата-ананың тәрбиелік жауапкершілігі ерекше маңызға ие. Себебі, баланың тұлға болып қалыптасуы мен өмірге деген көзқарасының негізі отбасындағы қарым-қатынас мәдениетінен бастау алады. Осы мақсатта Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты №52 мектеп-лицейінде ата-аналарға психологиялық және педагогикалық қолдау көрсету бағытында «Позитивті ата-ана – бақытты баланың негізі» тақырыбында жиын ұйымдастырылды. Жиналыстың негізгі мақсаты – ата-аналардың бала тәрбиесіндегі рөлін нығайту, отбасындағы жылы қарым-қатынас пен өзара түсіністікті қалыптастыру болды.

Жиынды директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Н.Жетписбаева ашып, мектептің ішкі тәртіп ережелері, оқушылардың киім үлгісі, сабаққа қатысу тәртібі мен мінез-құлық мәдениеті туралы бекітілген қағидалармен таныстырды. Ол ата-аналардың мектеппен тығыз байланыста болуы тәрбие жұмысының табысты болуына негіз болатынын атап өтті.

Келесі сөзді педагог-психолог Ш.Разакова алып, «Позитивті ата-ана» тақырыбында танымдық тренинг өткізді. Тренинг барысында қатысушыларға төмендегі бағыттар бойынша маңызды ақпараттар берілді:
– Балаға дұрыс қарым-қатынас орнату жолдары;
– Эмоциялық қолдау мен сенімділік атмосферасын қалыптастыру тәсілдері;
– Қиын мінез-құлықты түсіну және оны шешудің тиімді жолдары;
– Баланың психологиялық қажеттіліктерін ескеру маңыздылығы.

Сонымен қатар, тренинг барысында қатысушылар «Қағаз адам» атты эксперименттік жаттығуға қатысып, өздерінің ата-аналық қарым-қатынастарын талдауға мүмкіндік алды. Сондай-ақ, «Ата-ана – өз баласының айнасы» атты бейнеролик көрсетіліп, ондағы өмірлік мысалдар арқылы балаға жылы сөздің, сабыр мен сүйіспеншіліктің маңыздылығы талқыланды.

Педагог-психолог ата-аналарға позитивті тәрбиенің негізгі қағидаттарын түсіндірді. Яғни, позитивті тәрбие – бұл жаза емес, түсіну, қолдау және үлгі болу. Баламен ашық сөйлесу, сенім білдіру, оның пікірімен санасу – ата-ананың басты міндеті екені атап өтілді.

«Ата-ананың жылы сөзі мен сабырлы көзқарасы – баланың ішкі әлемін қалыптастырады» деген ой жиналыстың басты түйініне айналды.

№52 мектеп-лицейі ұжымы алдағы уақытта да ата-аналармен ынтымақтастықта жұмыс істеп, оқушылардың жан-жақты дамуы мен бақытты болашағы үшін тәрбиелік бағыттағы шараларды тұрақты түрде жалғастыруды көздейді.