Спорт – адамның шыдамдылығы мен рухын, ерік-жігері мен еңбекқорлығын шыңдайтын ерекше сала. Ол адамды тәртіпке, табандылыққа және алға қойған мақсатына жетуге үйретеді. Бүгінгі таңда еліміздің намысын қорғап жүрген жас спортшылардың қатарында мектеп мақтанышы Бейсен Зере де бар. Ол өзінің табандылығы мен еңбегінің арқасында көптеген жеңістерге жетіп, мектептің атын биікке көтеріп жүр.
Шымкент қаласындағы Т.Тәжібаев атындағы №47 мектеп-гимназияның 9 «Ғ» сынып оқушысы Бейсен Зере (сынып жетекшісі – Мамбаева Айгерім) – Қазақстандық Каратэ До WKF спортының жас жұлдызы.
2011 жылы дүниеге келген Зере – отбасындағы тұңғыш қыз, інісі Нұрисламға үлгі болып жүр. Ол №11 спорт мектебінде жаттығады. Жаттықтырушысы – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, 7 дан иегері, профессор Темірханов Музаффар Тимурович.
Зере каратэмен 9 жылдан бері айналысып келеді. Қара белбеу иегері, 1 дан дәрежесі бар спорт шеберіне кандидат. Ол өз спорттық жолын 2017-2018 жылдары қалалық жарыстардан бастаған. 2018 жылы Таразда өткен халықаралық турнирде күміс жүлдегер атанса, 2019 жылы Самарқан мен Бішкекте өткен жарыстарда чемпион атағын жеңіп алды. 2020 жылы Щучинск қаласындағы Burabai Open турнирінде де жеңіс тұғырынан көрініп, чемпион атанды.
Зере тек ел ішінде ғана емес, Азия деңгейіндегі жарыстарда да биік нәтижелерге жетіп жүр. 2022 жылы Ыстықкөлде өткен Азия чемпионатында және сол жылы Ташкент қаласындағы Азия кубогында қола медаль иеленді. 2023 жылы Қырғызстан астанасы Бішкекте өткен Bishkek Open халықаралық турнирінде тағы да қола жүлде жеңіп алды. 2024 жылы Ташкент қаласындағы халықаралық жарыста күміс медаль иеленсе, сол жылдың шілде айында Ыстықкөлде өткен Kyrgyzstan Open турнирінде қола медаль алды. Ең соңғы жетістігі – 2025 жылы Бішкекте өткен Bishkek Open халықаралық турниріндегі қола жүлде.
Бүгінде Зере – өз еңбегімен шыңдалған, болашағынан үлкен үміт күттіретін жас спортшы. Ол үшін әрбір медаль – табандылықтың нәтижесі. Зере – тек мектептің ғана емес, тұтас елдің мақтанышы. Әрбір жеткен жетістігі – оның еңбегінің, жігерінің және спортқа деген шынайы сүйіспеншілігінің айғағы. Зеренің жеңіске деген ерік-жігері – оның қатарластарына және мектеп оқушыларына нағыз үлгі. Біз Зеренің алдағы уақытта да биік шыңдарды бағындырып, Қазақстанның атын әлемге таныта беретініне сенеміз.