Жас ақынмен әсерлі кездесу өтті

Авторы:

16.10.2025

Өнер – ұлттың рухани өзегі, ал сөз өнері – сол рухтың мәңгілік айнасы. Қазақ халқының ғасырлар бойы жалғасқан айтыс өнері ұлттың сөз қадірін, ой тереңдігін, тапқырлығын паш ететін ерекше мұра болып табылады. Осындай асыл дәстүрді дәріптеп, жас ұрпақтың рухани дүниесін байыту мақсатында Шымкент қаласында тағылымы мол кездесу өтті.

Шымкент қаласы Білім басқармасына қарасты Ораз Жандосов атындағы №30 жалпы орта білім беретін мектебінде «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан «Ұрпаққа аманат» жобасы және «Төрт тоқсан – төрт өнер» ұлттық мәдени-ағартушылық жобасы шеңберінде ерекше мазмұнды шара өтті.

Атап айтқанда, мектепте «Қола домбыра – 2024» республикалық ақындар айтысының Бас жүлде иегері, «Құлмамбеттің құлыны» және «Егемендігім – елдігім» республикалық оқушылар арасындағы айтыстардың Бас жүлде иегері, сондай-ақ «Күміс домбыра» республикалық ақындар айтысының І орын иегері, жас айтыскер ақын Ислам Әли Біржанұлымен кездесу кеші ұйымдастырылды.

Кездесу барысында айтыс өнері мен ұлттық құндылықтарды насихаттауға арналған тағылымды дөңгелек үстел өтті. Ислам Әли өзінің айтысқа қалай келгені, шабыт пен еңбектің үйлесімінен туған шығармашылық жолы жайлы әсерлі әңгіме өрбітті. Кешті қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Тоқаев Нұркен Лесбекұлы жүргізіп отырды. Шара барысында оқушылар ақынға мазмұнды сұрақтар қойып, пікір алмасып, айтыс өнерінің қыр-сырына қанықты. Жас ақын шәкірттерге арнау өлеңін оқып, мектеп ұстаздары мен оқушыларына жылы лебізін білдірді.

Кездесуді қорытындылаған мектеп директоры Сихамбекова Жансұлу Абдразаққызы Ислам Әлиге шығармашылық табыс пен биік белестер тіледі. Сонымен қатар, мектеп ұжымы тарапынан естелік сый-сияпат табыс етілді.

«Ақындар айтысы» жобасы аясында өткен бұл рухани кеш оқушылардың жүрегіне ұлт өнеріне деген сүйіспеншілік ұялатты. Көпшілік кездесуден ерекше әсер алып, шабыт пен рухани қуатқа бөленді.

Бұл кездесудің тәрбиелік мәні зор болды. Айтыс өнері арқылы оқушылар халқымыздың бай мәдени мұрасымен, сөз құдіретімен және ұлттық рухпен тереңірек танысты. Жас ақынмен өткен әсерлі сұхбат оқушыларды шығармашылыққа, туған ел мен тілге деген сүйіспеншілікке баулыды.
Осындай рухани шаралар жас ұрпақтың бойына ұлттық сана мен өнерге құрмет сезімін ұялатып, ел болашағы үшін өнегелі бағыт береді.